105 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылған

Oinet.kz 21-12-2024 34

image.png

Түркістан облысында биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып, қазіргі таңда 104 635 жұмыс орны құрылды.  Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар, кемшіліктер мен өзге де түйткілді мәселелер Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды. 

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның 2024 жылдың 10 айының қорытындысы туралы есебі тыңдалды. Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар негізінде инфрақұрылымдық жобаларда ашылған жұмыс орындарына жолданған азаматтардың міндетті зейнетақы жарнасының аударылуы бойынша республикада 4 орынға орналасты.

Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру, Жастар практикасы, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасы бағыттары бойынша төмен көрсеткіштер барын жасырмады. Облыс әкімінің орынбасары жоспарды тиісті деңгейде атқармаған Бәйдібек, Мақтаарал, Жетісай, Отырар, Сауран аудандарының мәселелері жеке-жеке қаралып, кемшіліктерді түзетуге уақыт берді. 

Мәжілісте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Казанкаповтың баяндама жасады. Биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 31 208 адамды жұмысқа жолдау жоспарланып, нақты 32 578 адам жұмыспен қамтылған. Жаңа және бос жұмыс орындары бойынша 39,1 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Ұлттық жобалар аясында 2024 жылы 397 жобаны жүзеге асыру жоспарланса оның 362-сі орындалған. 3671 жаңа жұмыс ашу межеленіп, 3106 азамат жұмысқа орналасты. 

Бұдан бөлек, «Жастар практикасы» және «Күміс жас» жобалары, қоғамдық, әлеуметтік және алғашқы жұмыс орындарымен жергілікті тұрғындарды қамту, пробация есебінде тұрған немесе бас бостандығынан айырылған, тұл жетімдер мен мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бойынша аудан, қалалардағы жұмыстар сараланып, индикаторлардың орындалуы қаралды.

Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражатының нысаналы жұмсалуына тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 2023 жылы грантпен қамтылған 23 азаматтың қаржыны мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, мемлекетке қайтару бойынша сот шешімі шықты. Қаражатты қайтару жұмыстары жүргізілуде. 

Ал ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жіберілген 575 азаматпен еңбек тәртібін сақтамағаны үшін келісімшарт біржақты тоқтатылды. Субсидияланған жұмыс орындарына жолданған 2517 азаматпен де келісімшарт үзілді. 

Бейсен Дәулетұлы «Мансап» орталықтарындағы кадрлардың біліктілігін арттыруға аса мән беруді, жұмысты жандандыру бойынша ұсыныс-пікірлерге ашық екенін жеткізді. Жоспарды тиісті деңгейде орындамаған жауапты басшыларға сын айтып, кемшіліктерге жол бергендерге тиісті шара көрілетінін ескертті. 

Сонымен қатар Түркістан облысында АӘК алушылар саны 2 есе азайып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндады.

– Республикадағы көпбалалы отбасылардың ауқымды бөлігі біздің облысымызға тиесілі. Еңбекке қабілетті жастардың үлесі мол. Сондықтан, біз жұмыс орындарын ашу мәселесін назарда ұстап отырмыз. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар, өндіріс орындарын ашу арқылы тұрғындар еңбекке тартылуда. Жүйелі атқарған жұмыстың арқасында соңғы екі жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 2 есеге дейін, яғни, 92,4 мың адамға немесе 53%-ға төмендетуге қол жеткіздік. 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 198 мың адам болса, бүгінде 92,4 мың адамды құрап отыр. Жұмыс орындарын ашу – біздің негізгі бағытымыз, – деді Дархан Сатыбалды. 

Түркістан облысында биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып, қазіргі таңда 104 635 жұмыс орны құрылған. 

Жуырда Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич Түркістанға келіп, шетелге жұмыс күштерін дайындайтын арнайы орталықтың ашылуына қатысты. Бұл орталықта Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтарды оқытып, дайындайды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кедейлік деңгейін 5,5%-дан асырмау және осы бағыттағы жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырма жүктеген болатын. Қабылданған шаралардың нәтижесiнде жыл соңына дейін табысы кедейлiк шегiнен төмен тұратын азаматтардың санын 2023 жылмен салыстырғанда 25%-ға азайту жоспарланып отыр.

Жалпы облыс көлемінде аз қамтылған отбасылардың табысын арттыру және өмір сүру деңгейін жақсарту жолында жұмыстар атқарылып, әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, соңғы жылдары атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын төмендетудің оң үрдісі байқалады. Мәселен, Түркістан облысында биыл 116,2 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 12,2 млрд. теңге бөлінген. 2024 жылғы 1 қарашасындағы жағдай бойынша 15 388 отбасы, яғни 92 370 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда АӘК алушылар 41,4% төмендеген. Сондай-ақ олардың ішінде еңбекке қабілетті 17 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан.

Халықтың табысын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауына алынған.

Зорлық-зомбылыққа қарсы бірлескен жұмыстарды дамыту маңызды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу