Түркістан қаласының сәулеттік бас жоспары сараланды
Облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасы бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында тапсырылған міндеттерді басшылыққа алып жұмыс істеуде.
Басқармада сәулет және қала құрылысы саласында жоспарланған жұмыстар талапқа сай атқарылуда.
Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқарма басшысы Нұрлыжан Букебаевтың айтуынша, Түркістанда бүгінде көптеген ғимараттар бой көтеріп, қала көркін аша түсті. Осыған сәйкес құрылыс бастауға ниетті инвесторлар саны артып келеді.
- Мемлекет басшысы тұрғындардың жайлы тұруы үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде берген тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің бастамасымен Түркістан қаласы мен аудандар аумағын дамыту, абаттандыру мақсатында қолға алынған жобалар баршылық. Жалпы басқарма тарапынан көптеген эскиздік жоба әзірленіп, оның бірсыпырасы іске асырылды. «Қала және ауылдық елдімекендерде құрылыс салу, қала құрылысын жоспарлау» ережесіне сәйкес, қала және аудан әкімдіктері тарапынан жүзге жуық елдімекеннің бас жоспар мен бас жоспардың оңайландырылған нұсқаларына түзетулер енгізілді. Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Заңының талаптарына сәйкес, Түркістан қаласы мен облыстық мәслихаттың мақұлдауы алынып, орталық атқарушы органға кешенді сараптамадан өткілді. Сөйтіп облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткізілген мәжілісте сәулеттік жобалар таныстырылды.
Өңір басшысының сол өткен мәжілісте жаңа жобалардың барлығын өзінің бақылауында ұстайтынын жеткізген еді. Сонымен қатар «әр ғимарат сәулетшілердің мақұлдауынан кейін ғана салынуы тиіс» деп нықтай түсті. Тозығы жеткен ғимараттарды қайта қалпына келтіру кезінде, сонымен қатар алдағы уақытта салынатын нысандардың қасбеттері мен қоршауларына және бояу түсіне баса мән беруді, бірізді етуді тапсырды, - дейді басқарма басшысы.
Сол жиын барысында бірқатар жаңа жобалар ұсынылып талқыланған болатын. Атап айтсақ, оның қатарында Әкімшілік-іскерлік аумағынан медициналық орталық, Әлқожа ата көшесінен нысандар салу туралы ұсыныс беріліп, ғимараттардың үлгілері көрсетілді. Сонымен қатар айналма тас жолы бойы жаяу жүргінші көпірі айналасын абаттандыру, жол қиылыстарын абаттандыру, Мәдени-рухани орталығына білім беру орталығы, Арбат ойын-сауық орталығы, ыстық су, Сауран қалашығын ашық аспан астындағы мұражай ретінде дамыту жобасы, Тұттыбұлақ, Ақмешіт үңгірін дамытудың жобасы, Екпінді, жол бойына орналасатын сервистік қызмет көрсету жобалары, Сарыағаш ауданы, Жібек жолы елді мекеніне орналасатын жобалар, Арыстанбаб кесенесі және Отырар қалашығы маңын дамыту жобасы бар.