Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысына басымдық берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында басымдық берген саласының бірі әлеуметтік сала. Бұл бағытта Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
Білім және денсаулық сақтау салаларында мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар аясында көптеген ғимараттар бой көтеруде. Президент тапсырмасымен бүгінгі күні жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары бүгінгі күні өз нәтижесін беруде. Оның сыртында мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға арналған орталықтардың да жұмысы жандана түскен.
Міне, осы әлеуметтік салада атқарылып жатқан, салынып жатқан құрылыс нысандарының жай-жапсары Түркістанда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты қаралып, талқыланды. Жиында облыс әкімінің орынбасары өзі жетекшілік ететін салалар бойынша жыл соңына дейін пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы пысықталды.
-Мемлекет басшысы Жолдауында «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын» деп атап өткендей, облыста бүгінгі күні білім беру саласы бойынша 21 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінде 6 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 8 нысанның құрылысы аяқталады. Қалған 7 нысан құрылысы 2025 жылға өтпелі. «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жақында Түркістан қаласында 1 мектеп пайдалануға берілсе, қараша айында 3 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған, - дейді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан кейін денсаулық сақтау саласына арнайы тоқталған ол облыста денсаулық сақтау саласында 52 нысаның құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты. «Президентіміз Жолдауында денсаулық саласын дамыту, мәндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі тағы басқа да медицинаға қатысты мәселелерді шешуді тапсырған болатын. Бүгінде аудан аумағында халықтың денсаулығын арттыру, медицинаға қол жетімділігін арттыру мақсатында көптеген құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Облыста оның ішінде облыстық бюджет есебінен 4 нысанның құрылысы жоспарланған. Бүгінде 3 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бір нысан келесі жылға өтпелі. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 48 жоба іске асырылуда. Ұлттық жобаға сәйкес барлық нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспары қойылған» дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Бұдан бөлек, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бойынша жақында «Самғау» орталығы пайдалануға берілді. Ал желтоқсан айында 50 орындық мүгедектігі бар балаларға арналған орталық ашылады деп жоспарлануда.
-Жалпы биыл ұлттық қор, республикалық және облыстық бюджет есебінен 500-ге жуық нысан құрылысын жүзеге асыру көзделген. Облыстық құрылыс басқармасы әкімшісі болып саналатын бұл нысандардың 100-ге жуығы ел игілігіне пайдалануға беріліп үлгерсе, жыл соңына дейін 300-ден аса нысан тапсырылады деп жоспарлануда. Ал қалғаны келес жылға өтпелі», - деген Түркістанда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жиын қорытындысында жоғарыда аталған нысандардың құрылысын мердігерлерден сапалы әрі мерзімінде аяқталуын талап етті. Жауапты басқарма өкілдеріне материалдық-техникалық базамен және қажетті жабдықтармен толық қамтылуын қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар жылу дұрыс қосылуы керектігін атап өтті.