Әуезов университеті: Cтуденттердің экологияны жақсартудағы стартап-жобалары

Oinet.kz 03-12-2024 208

Соңғы жылдары жасыл экономиканы дамыту және қоршаған ортаға күтіммен қараудағы жауапкершілікті сезінуде еліміздің жастары белсенділік танытып келеді.

Screenshot_2.jpg

Шымкент қаласындағы  М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жаңашыл, белсенді студенттері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қолдау білдіру, қаламыздың экологиялық ахуалын жақсарту, қоршаған ортаға жанашырлық танытуда тың жобаларды қолға алған. Ғылымға құштар студенттердің тікелей қатысуымен қоршаған ортаны жақсартуды мақсат еткен жобаларының қатары жылдан-жылға артып келеді.

– Қоршаған ортаның ластануы  – бұл жаһандық мәселе. Мұнымен әлемде әр ел өзінше күресуде. Елімізде бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау білдіруде жоғары оқу орындарының ғалымдарымен қатар, жастар да өз үлесін қосып жүр. Әуезов университеті «Экология» кафедрасының студенттері  «Назарбаев Университеті» орнықты даму офисімен бірлесіп, «Шеврон Мұнайгаз Инк» компаниясы демеушілігімен 3 стартап-жобаны жүзеге асырды. Атап айтқанда, олар - экобеседка,  экоарт және ауадағы улы газдарды экофильтр арқылы залалсыздандыру жобалары. Сонымен қатар, студенттеріміз білім беру, дуальді оқыту бағдарламалары негізінде қаланы көркейту жұмыстары, тазалық шараларына қатысып, қалалық экологиялық департаментінің барлық іс-шараларына атсалысып, экспедицияларға шығады. 

Ал 2024 жылы «Жас ғалым» жобасы аясында доктаранттар грант жеңіп алды. Олардың әрқайсысы, ауыз суды, ауаны және жер асты суларын тазарту, мегаполисті жасыл қалаға айналдыру, қалдықтарды кәдеге жарату бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді. Бұлар Шымкент қаласы мен Түркістан облысының экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған, - деп атап өтті М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Экология» кафедрасы меңгерушісінің м.у.а., х.ғ.к., профессор  Ғани Изтилеуов.   

Экосүзгі: Ауаны тазартады әрі денсаулық кепілі

Screenshot_1.jpg

«Экофильтр» – Экология кафедрасы ХТ-21-4к тобының студенті Азада Илесова дайындаған жоба.  Ғылыми жетекшісі – Айсұлу Абдуова. Экофильтр – Шымкент қаласының ластанған ауасын тазартуға арналған құрылғы. Жаңадан ойлап табылған құрылғының көмегімен университет кампусындағы оқу кабинеттерінің де ауасын тазартуға болады. Екіншіден, оның  көмегімен таза ауамен қамтасыз ету арқылы студенттердің денсаулығын жақсартуға, яғни жасыл аймақты жасауға болады. Бұл сүзгі 100 шаршы метр аумаққа есептелген, одан көп аумақ болса, қондырғының бірнешеуі қойылады. Университет аймағын қауіпсіз етуге бағытталған стартап-жоба туралы Айсұлу былай дейді:

– Еліміздегі Шымкент қаласы үшінші мегаполистің ластану деңгейі жоғары. Соңғы жылдары қалада ауадағы зиянды заттар шамадан тыс таралып жатыр. Зауыттардан ауа қабатына шаң, газ, күкірт, көміртегі тотығы, азот диоксиді, формальдегид, аммиак, кадмий, мыс, мышьяк, қорғасын тарайды. Өндіріс орындарынан тыс автокөліктерден шығатын зиянды түтіндер де бар. Шымкент қаласында тұрғындар саны жылдан-жылға артуда. Тұрғындар саны артса, автокөліктерге де сұраныс артады. Автокөлік көп болған сайын парниктік газдар әсері де көп болары анық.  Бүгінгі таңда автокөліктердің басым көпшілігі бензинмен жүретіні белгілі. Экологтардың зерттеуі бойынша, 1 тонна бензин жанған кезде ауаға 800 кг зиянды қоспа бөлініп шығады. Бұл дегеніміз адамға, жануарға және табиғатқа зияны тиіп отыр деген сөз. Парниктік газдардың әсерінен ауа температурасының жоғары болуы айтарлықтай байқалады. Температура жоғарылығынан ауа құрғақтығы, яғни, ылғалдың аздығы пайда болады. Адамзат үшін қолайлы ылғалдылық 45-55% дейін. Ал төмен ылғалдылық болса, тыныс жолдары мен шырышты қабат құрғауы мүмкін. Нәтижесінде түрлі тыныс жол аурулары және жөтел пайда болады.

Қала ауасы ластануына байланысты ауадағы шаңдардан, зиянды газдардан тазалап отыратын «Экофильтр» ойлап таптық. Экофильтрде екі кіріс вентиляторы (ластанған ауаны тартады), шығыс вентиляторы (таза ауаны шығарады), дисплей экран, «Arduino UNO» құрылғыны басқарушы орталық, насос, ауаны тазартуға себетін сұйықтық реле, шамдар, ішкі газ датчигі, сыртқы газ датчигі, күн панелі бар. Экофильтрдің ерекшелігі құрылғы бұзылған жағдайда хабар береді.

Ғылым жолында ізденісі жоғары студентіміз Азада Илесова осылай дей отырып, алдағы уақытта жобаны ары қарай жетілдіруді ойлап отыр. 

Экоартқа сұраныс артып келеді

Screenshot_4.jpg

Экоарт (экологиялық өнер) – табиғатқа, қоршаған ортаға және экологиялық мәселелерге арналған өнер бағыты. Бұл өнер түрі табиғатты қорғау идеяларын насихаттайды, экология мен өнерді үйлестіре отырып, адамдарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Әуезов университетінің студенттері осы өнерді пайдалана отырып, халықтың экологиялық білімін жетілдіруге, адамдарды табиғатты қорғау мәселелеріне назар аударына және қоғамда экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға үндеуде.  Бұл үшін студенттер табиғатта жиі кездесетін мүкті кәдеге жаратты. Мүкті оқу ордасының зертханасында өздері өсіріп, шығармашылық жұмыстарға пайдалануда. 

– Бірінші курста практикалық сабақта бұл жұмыспен таныстым. Кейін қызығушылығым артып, ғылыми ізденісіме арқау етіп алдым. Мәселен, картинадағы суретке жарамсыз қағаз қалдықтарын өңдеп пайдаланамыз, оны ары қарай әрлеуге мүкті пайдаланамыз. Мүкті зертханада 15-20 күнде өсіреміз. Оны қажетімізге қарай өңдейміз. Ол картинада 20 жылға дейін өңін бермей, сақталады. Мүк зиянсыз, күтімді аса қажет етпейді әрі экологиялық таза өсімдік. Экоарт үшін ағаш, тас, құм, жапырақ, су, қайта өңделген материалдар сияқты табиғи немесе қалдық материалдар жиі пайдаланылады. Негізгі мақсатымыз – қалдықтарды шығармашылыққа пайдалану арқылы экологияны жақсарту. Экоарт тек өнер түрі ғана емес, ол адамдардың табиғатпен қарым-қатынасын жақсартуға бағытталған мәдени қозғалыс болып табылады, - дейді «Экология» кафедрасы ХТ-23-4К2 2 курс студенті Ақерке Сүлетбек. 

Интерьердегі эко-стиль табиғатқа жақындық стилі. Соңғы жылдары елімізде тұтынушылар осы бағытқа ойысқан.  Жас экологтардың арт өнімдерін түрлі жәрмеңкелерге шығарғанда, тұтынушылар тарапынан қызығушылық артқан. Қазіргі таңда қаламыздағы Абай атындағы орталықтандырылған кітапхананың интерьерін әрлеуге универсиеттің студенттері жасаған өнімдерді пайдалануға ұсыныс түскен. Сонымен қатар, еліміздегі ЖОО өкілдерін де экоартқа қызығушылық танытқан. «Оқу орындары, кітапхана, демалыс орындары, кафе, офис және т.б. көбеюіне байланысты біздің де картинамызға деген сұраныс бар. Одан бөлек қабырға жартастарын да жасауға мүмкіндік бар»,-  дейді Ақерке.

Студенттеріміздің тағы бір жаңалығы – қолданыстағы экосәкі (экобеседка)

Screenshot_3.jpg

– Бүгінгі таңда жасыл технологияны қоғамдық орындарда қолдану  қоршаған ортаның ластауын төмендетіп қана қоймай, табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Демалыс бекеті «киіз үй» пішімінде жасалған. Оның  үстінде күн көзінен энергияны алуға мүмкіндік беретін панельдер орналасқан, одан жинақтаған энергия электронды құралдарды зарядттауға және ауа тазалағыш мини қондырғының жұмыс істетуіне мүмкіндік береді, - дейді болашақ жас экологымыз Анель Жалил. 

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының ерекше маңыздылығын атап өтті. «Бұл бастама қазақстандықтарды біріктіріп, оларды туған табиғатқа қамқорлық жасау идеясының төңірегінде біріктіреді, - деді Президент. М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттері жасыл қала Шымкенттің тазалығына үлкен жауапкершілікпен қарап, тұрақты өтетін жалпыұлттық сенбіліктерге белсенді атсалысып келеді. Студенттердің жоғары атап өткен экологияны жақсарту, қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатты аялаудағы ерекше әрі жаңашыл жобалары ел тұрғындарының қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруда теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қосатынан сенімдіміз. 

М.Әуезов атындағы ОҚУ баспасөз қызметі

Түркістан қаласының сәулеттік бас жоспары сараланды
Алаш көсемдерінің бірі және бірегейі – Тұрар Рысқұлов
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу