Алаш көсемдерінің бірі және бірегейі – Тұрар Рысқұлов
«Ел үшін туар ер озар» демекші, қазақ халқының маңдайына біткен біртуар тұлғалардың тағылымды өмір жолдары мен көрнекті ерен еңбектері ел тарихының беттерінде алтын әріптермен жазылып қана қоймай, мәдениетіміздің зор, рухани құндылықтарымыздың берік болуына ықпал етуде.
Бар өмірін ашық аспан астында ұрпақтарының еркін өмір сүруі жолына арнаған ұлы тұлғалардың есімдері мәңгілік сақталары хақ. Қазақ халқының осындай елін сүйген ер ұлдарының бірі де бірегейі – Тұрар Рысқұлов. Т.Рысқұлов 1894 жыл 26 желтоқсанда Жетісу облысы (қазіргі Алматы облысының шекарасы) Верный уезінде, Шығыс болысында дүниеге келген. Орыс-қазақ мектебін оқыды. Мектепті тәмамдаған соң ол Пішкек (қазіргі Бішкек қаласы) қаласындағы ауылшаруашылық училищесіне оқуға түседі. Училищені озат аяқтаған соң ол Ташкент мұғалімдер институтына тапсыруға бел байлайды. Ол институтты аяқтай алмайды. Себебі Тұрарды революциялық қызмет қызықтырады. Рысқұловтың адалдығы мен бірбеткейлігі көбіне ұнамады. Оның дәлелі – оның қызметтік тізімі. Тұрарды бір жұмыс орнынан екіншісіне ауыстырып отырды. Оны Түркістан СКО төрағасы орнында қалдыруға қорықты, Тұрар ол жерде отырса Түркістан Ресейден алшақтап кетеді деп ойлады. Ресей бұған көндіге алмады: шикізатқа өте бай республикадан айырылуға жол бермеу керек еді. Түркістан түркітілдес халықтардың ортақ үйі еді. Тұрар Рысқұлов шекараны бөлу кезінде осыны ескеруді және жергілікті талаптарды да назардан тыс қалдырмауды ұсынды. Ұлтының қайғысы мен мұңына Тұрар Рысқұловтың қабырғасы қайысты. Тұрардың мінез-құлқын оның 1933 жылы Сталинге жазған хатынан байқауға болады, ол жерде Тұрар аштықтан өліп жатқан халқының тағдырын ашық жазған. Осы хаттан кейін ғана Қазақстанға азық-түлік арқылы көмек көрсету мәселесі шешілді. Ұжымдандыру қазақтарды негізгі азық-түлік көзінен-малынан айырды. 1932-1933жж. ашаршылық салдарынан ұлт жойылып кете жаздады. Тұрардан басқа ешкімнің шындықты айтуға батылы жетпеді. Күн өткен сайын асқына түскен ашаршылық пен жұқпалы ауруларға қарсы күреске Т.Рысқұлов қатты күш-жігер жұмсады. Науқастарды емдеу, ауруханалар ашу және жұқпалы аурулардан сақтандыру өте қиынға түсті. Уездік кеңес 1918 жылы 23 сәуірде жұқпалы аурулармен күрес шараларын белгілеп, жұмысты үйлестірі үшін санитарлық комиссия тағайындады. Әулиеата қаласының маңында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылып, онда 20.000 адамға дейін ашыққан қазақтар тамақтандырылды. Т.Рысқұловтың Әулиеата уезіндегі қоғамдық-саяси қызметіндегі бағыттары: - уезде кеңес өкіметін нығайтып, оны жергілікті халықтардың төл өкіметіне айналдыру үшін күрес, жергілікті халықтарды саяси-ілеуметтік және экономикалық істерге топтастырып, сауатты жастарды басқару ісіне тарту, негізінен көшпелі халықтарды қамтыған сұрапыл ашаршылықпен күрес, асқына шиелініскен қазақ және орыс тұрғындары арасындағы ұлтаралық ала ауыздықты бәсеңдету, уездің халық шаруашылығын қалпына келтіріп, өркендету бағытында атқарылған шаралар және т.б. Осындай сан қырлы мемлекеттік қоғамдық жұмыстарды атқара жүріп Т.Рысқұловтың өзі де бай саяси тәжірибе жинап, 1918 жылдың өзінде-ақ мемлекттік басқару ісінің қыр-сырын жақсы меңгерген саяси қайраткер деңгейіне көтерілген еді. Т.Рысқұлов Тұран Түркістан тәуелсіздігін қолдады. Оның идеяларын Орталық басшылық қабылдамады. Бірлік пен тәуелсіздікті сақтау сақтау Ресейдің большевиктік басшылығының жоспарына кірмеді. Өзінің дәлелдері, адалдығы, бір беткейлігі үшін Рысқұлов халық жауы атанды және атылды. Рысқұлов білім және мәдениеттің дамуына көп көңіл бөлді. Оның бастамасымен Ташкент қаласындағы Орта Азия университеті және С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) құрылды. Тұрар Рысқұловтың қаламынан ондаған кітаптар, кітапшалар, жүзден асқан мақалалар шыққан. Қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов өзі өмір сүрген кезеңде туған елінің болашағы үшін көп нәрсе жасады. Рысқұловтың артына қалдырған өшпес мұрасы – саясат, экономика және рухани құндылықтар тақырыбына жазған публицистикалық, терең зерттеу еңбектері мен мақалалары бүгінде өз ұрпағына қызмет етуде.
А.Медкулова,
Т.Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану
музейінің аға ғылыми қызметкері