Сайрам ауданында жаңа тұрғын алқаптар мен елді мекендер инфрақұрылым жүйелерімен қамтылуда
Президент Жолдауында айтылған халықты инфрақұрылыммен қамту жұмыстары Сайрам ауданында кезең-кезеңмен шешімін тауып келеді. Жол құрылысынан бөлек таза ауызсумен, электр энергиясымен және көгілдір отынмен қамту жұмыстары да өз шешімін табуда.
Жалпы өңірде ұзақ жылдар бойы өзекті болып келген бірнеше мәселе шешімін тапты.
Сайрам ауданы әкімдігі құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алибжан Ибрагимовтың айтуынша, биыл аудандағы Қарасу және М.Оразалиев аумақтары инфрақұрылыммен толықтай қамтылған. Бұл тұрғын алқапқа табиғи газ, электр желісі және Қосбұлақ елдімекені электр желісімен түгел қамтылған. Ал жыл соңына дейін инфрақұрылым жүргізіліп жатқан Қарасуда 50 гектар, Қарасуда 56,2 гектар аумақты электр, Қосбұлақ елдімекеніне табиғи газ, Арыстағы 22 гектар аумаққа таза ауыз су, электр, жол инфрақұрылымдық жүйелері толығымен тартылып, Жібек жолы әкімшілік ғимараты пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Осы мәселелер кеше аудан әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесте де қаралып, жыл соңына дейін тапсырылатын құрылыс нысандарының сапалары, бірқатар жер телімдеріне инфрақұрылым жүйелерінің жүргізілуі, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстары туралы мәселелер талқыланған да болатын.
Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Баймурза Бейсембаевтың айтуынша, Сайрам ауданы орталығынан өтетін облыстық маңызы бар КХ-3 «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Шынбұлақ» автомобиль жолының 25,5 және 33,8 шақырым аралығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Береке-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қолға алынған жол құрылыс жұмыстары 2024-2025 жылдарға өтпелі. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бағдарламасымен 76,7 шақырымды құрайтын 12 нысан, 60 көше орташа жөндеуден өткен. Сондай-ақ, алдағы уақытта Көлкент, Қарасу ауылдық округтеріндегі бірқатар көшелерге орта жөндеу жүргізіліп, Қайнарбұлақ ауылдық округі мен Ақсукент-2 ауылындағы кейбір көшелер, Ақсукент-1 ауылындағы Төлеби көшесі аралығындағы темір жолдың үсті арқылы өтетін автокөлік көпірін салу құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқтау көзделген.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі – халықты таза ауыз сумен және көгілдір отынмен қамту. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар бөлім басшылары тарапынан жан-жақты айтылды. Ендігі мақсатымыз – басталған жұмыстарды соңына дейін жеткізу. Халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Жаңа тұрғын алқаптарды электр энергиясымен, көгілдір отынмен, таза ауызсу және тегіс жолмен қамту жобаларын жоспарға сәйкес жүргізу. Сондай-ақ, жоғарыда аталған тұрғын алқаптар мен М.Оразалиев ауылына су жүйелерін жүргізу, Қарасу тұрғын аумағына газ құбырларын тарту және «Ақсу» мектебі мен Қарасу спорт кешеніне инженерлік-комуникациялық инфрақұрылымдық жүйелер жүргізу. Бұл жұмыстардың кейбірі 2025 жылға өтпелі. Дегенмен биыл атқарылған жұмыстар көптің көңілінен шығып, оның игілігін ел көріп отыр, - дейді аудан әкімі Арман Сәбитов.
Жалпы аудан әкімі әрбір аптада ұйымдастырылатын аппараттық кеңесте, инфрақұрылым жүргізіп жатқан мердігерлермен болған кездесулерде Президент тапсырған жұмыстарды, жобалар мен бағдарламаларды тиісті басшыларға жүйелі жалғастыру қажеттігін, олардың орындалу барысы тұрақты бақылап отыруды тапсырып келеді.