Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылдық округі тұрғындары инфрақұрылым игілігін көруде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімдерінің ауыл тұрғындары алдында есеп беру жиындары жалғасын табуда.
Солардың қатарында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев та бар. Ол кеше алдын ала бекітілген кестеге сәйкес Шұбар ауылдық округінің халқымен кездесіп, жыл басынан бері атқарылған және шұбарлықтар тарапынан алдыңғы кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуы бойынша баяндама жасады.
- Президентіміз халыққа арнаған Жолдауында елдің шағын және орта бизнеспен айналысуына, ірі өнеркәсіп және өндіріс ошақтарына инвестиция салуына, инвесторлардың ел игілігі үшін демеушілік жасауына барлық жағдай жасалғанын айтты. Жалпы Жолдауда жұмыс істеймін деген адамға бар мүмкіндіктің жасалғанын көрсетіп отыр. Сондай-ақ алдымызда атқарылатын міндеттер мен бағыттарды айқында берді. Бүгінгі күні Президентіміздің тапсырмалары ауданымызда өңірдің даму бас жоспарына сәйкес атқарылуда. Ал Шұбар ауыл округінде мұның алдында болған өткен есепті кездесуде 10-ға тарта ұсыныс айтылды. Осы мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, округ тұрғындары көтерген 10 мәселенің 4-і өз шешімін таты, - дейді аудан әкімі.
Дегенмен биыл Шұбар ауылдық округінде аудан әкімінің айтуынша бірқатар мәселе өзінің оң шешімін тапқан. Атап айтар болсақ, биыл округке қарасты 4 елді мекен табиғи газға қосылғалы отыр. Сондай-ақ Жусансай ауылы, Ж.Елтай, О.Үсенұлы көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде, ол осы айда аяқталып, ел игілігіне беріледі. Сонымен қатар, «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвест бағдарламасы аясында Шұбар ауыл округінде 1,8 шақырым электр желілері жаңартылған. Ал Береке ауылы, Баймұратұлы көшесіне аяқ жол салынып, қыркүйек айында пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, 3 елді мекенде балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілуде.
-Мемлекет басшысы Жолдауында көлік-логистика секторын дамытуға, ағын су жүйесін жаңғыртуға баса мән бергені белгілі. Бүгінгі күні ауданда бұл бағытта атқарылған жұмыстар аз емес. Мәселен, округке қарасты Тоқсансай ауылына баратын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Шұбар-қайшылы», «Балпан» каналдары механикалық тазалаудан өтті. Оған округ тұрғындары куә. Қысқасы, Шұбар ауылдық округіндегі ауылдардағы түрлі бағытта атқарылып жатқан жұмыстар округ тұрғындарының көз алдарында өтуде. Бұйыртса, мұндағы өзге де мәселелер ауданның бас жоспарына сәйкес шешімін табатын болады, - деді аудан әкімі.
Сондай-ақ аудан басшысы Азат Оралбаев Президент тапсырмасына сәйкес өңірде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының барысына да тоқталып өтті. Кеше аудан көлемінде ұйымдастырылған сенбілікке аудан тұрғындарымен қатар Шұбар ауылдық округінің азаматтары да үлес қосып, көше бойларын, арық-атыздарды күл-қоқыстан тазартып, елді мекендерді көгалдандыру бағытында жол жиектеріне қарағаш көшеттерін отырғызғанын айтты.
«Таза Қазақстан» акциясы бүгінгі күні қоғамның назарын аударып, ауыл көшелерінің тазалығын сақтауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор екендігін ескерген тұрғындар өз аумақтарында жаппай тазалық шарасына қатысып, ауданды көркейтуге өз үлестерін қосты. Ауданның көркі мен дамуы үшін маңызды болып саналатын аталған шарада аудан бойынша 21 500 түп ағаш көшеті отырғызылды. Жалпы сенбілік жұмыстарына 4000-нан астам азамат атсалысыты. Осы жұмыстарды бұдан былай да жалғастырып, округ аумағындағы елді мекендерді таза ұстап, көркейту баршаның ісі», - деген аудан әкімі Азат Оралбаев Шұбар ауылдық округінің тұрғындарын алдағы акцияларға ауыл болып атсалысуға шақырды.
Жалпы өткен кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған барлық сауалдарға аудан басшысы заң аясында жауап берді. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір сұрақ жіті бақылауға алынатынын айтып, тиісті сала мамандарына аталған мәселелер бойынша жұмыс жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді.