Түркістан облысында индустриалды аймақ алаңдарына 880 түр аған көшеттері отырғызылды
Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы Түркістан облысында атқарылып жатқан тазалық жұмыстары өз нәтижесін беруде. Бүгінде жол бойы, арық-атыздар мен тоғандар күл-қоқыстан аршылып, аулалар абаттандырылуда.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовты айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы облыста жоспарлы, тұрақты жүргізілуде.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығына тоқтала келіп, «Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет», - деп айтқан Президент «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты екенін ескертті. Осы ретте Түркістан облысында да тиісті жоспар құрылып, апта сайын акция ұйымшылдықпен өткізілуде. Жоспарға сәйкес Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бүгінгі күні индустриалды аймақтарды тазалап, көгалдандыруды тапсырып отыр, - дейді Зұлпыхар Жолдасов.
Сонымен аймақта «Таза Қазақстан» акциясы аясында бекітілген кестеге сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған облыс әкімінің бірінші орынбасары жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, 807 тазалық шарасын өткізу жоспарланғанын жеткізді. «Қазіргі таңда аудан, қалаларда жалпы 732 ауқымды сенбілік өткізілді. Аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ келесі жылға бағдарлама аясында барлық мемлекеттік және жеке секторды қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Іс-шара тек сенбілікпен шектелмей, бағдарламаны жаңа үлгіде өткізу бойынша Жол картасы әзірленуде» дейді ол.
Телеграмм бот платформасында бүгінгі таңда, 546 өтінім түскен. Оның ішінде: 529 өтінім орындалған, 1 өтінім орындалу барысында, 16 өтінім мағынасыз болғандықтан қайтарылды.
- Жоғарыда айтқанымдай, облыс әкімінің тапсырмасымен Түркістан қаласындағы индустриалды аймақты секторларға бөліп, ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аймақ басшыс Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде де осы саладағы мәселелер талқыланған болатын. Ол өткен жиында өңір басшысы тазалық пен абаттандыру шараларын тек сенбілікпен шектемей, осы бағыттағы жұмыстарды ширата түсуді тапсырды. Өз сөзінде аймақ басшысы: «Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын келесі жылы да жалғастырып, апта сайын пысықтап отырамыз. «Таза Қазақстан» акциясы өмірлік дағдыға айналуы тиіс. Тұрғындар арасында да түсіндіру, экологиялық сауаттылықты көтеру жұмыстарын тоқтатпау керек. Әсіресе, облыс орталығы – Түркістан өзгелерге үлгі болуы тиіс. Бұл ретте полицияның да белсенділігі талап етіледі. Индустриалды аймақтарды тазалап, көгалдандыруды тапсырғанмын. Инвесторлар тарту үшін тазалық маңызды. Жұмысты ширатыңыздар. Күзгі ағаш егу науқанын сапалы атқару да маңызды. Осы аймаққа жерсінетін, өсетін ағаштар отырғызылуы қажет» деген облыс әкімінің берген тапсырмасы кестеге сәйкес ұйымдастырылып өткізілуде, - дейді Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.
Сонымен бүгінгі таңда индустриалды аймақтағы 60 гектардан астам аумақ ретке келтірілген. Сондай-ақ бұл аймақта сенбі күні бекітілген басқармалар бірлесіп, жүмыс істелуде. Бүгінге дейін онда 880 ағаш көшеті отырғызылып, 2 шақырым жол бойы тазаланып, 1 шақырымнан астам жол жиегі ақталды. Бұл сенбілікке 9 басқармадан 315 мемлекеттік қызметші жұмылдырылған.
-Биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 26 113 мыңнан астам хаттама толтырылып 305,7 миллион теңгеге айыппұл салынды. Сондай-ақ абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 60 902 жеке тұрғын үй мен 29 954 кәсіпкерлік нысанына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 1 381 ескерту және 647 айыппұл салынған. Қағиданың сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасының өтуі тұрақты қадағалануда, - дейді Зұлпыхар Жолдасов.
Сонымен Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жыл бойы кестеге сәйкес өткізіліп, келесі жылы да облыс көлемінде тазалық, абаттандыру жұмыстары жалғасып, жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түспек.