Түркістан облысында 27 мыңнан астам шаруа қожалық МӘМС-ке қаржы құйған
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуды тапсырды.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді. Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды» дейді Президент Жолдауында.
Бүгінгі күні Түркістан облысында мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындарды қамту шаралары тұрақты жүргізіліп келеді. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтың айтуынша, өңірдегі барлық медициналық мекемеге 2 миллионнан астам тұрғын тіркелген. Оның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмағандар саны 350 мың адамды құрап, өткен аймен салыстырғанда 23 пайызға азайған.
– Президентіміз Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы жұмысты жандандыруға баса назар аударып отыр. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аймақ басшысы Дархан Сатыбалдының да жіті бақылауына алынған. Облыс әкімі өткен аппарат мәжілісінде де бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және анықтау жұмыстарын жалғастыруды тапсырған болатын, - дейді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.
Бүгінгі күні міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы жұмысты күшейту «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының облыстық филиалы алдына қойылып отырған басты міндеттің бірі. Бүгінге дейін филиал тарапынан өңір тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп келді. ендігі кезекте, мемлекеттен субсидия алып, кәсібін жүргіземін деген әрбір адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлеуіге міндеттелді.
Бақыт Исмаханбетовтың айтуынша, облыста тұрғындарының сақтандыру санатына өтуі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық қызмет алудағы туындап жатқан өзекті мәселелер ретімен шешімін табуда. Мәселен, бүгінге дейін өңірде 27 мыңнан астам шаруа қожалық аталған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қаржы құйған. Бұған дейінгі орын алған мәселелер «Е-Сақтандыру» жүйесі арқылы шешімін тауып отыр.
-Мобильді топтар соңғы 3 айда «Бір аптада – 3 пайыз, бір айда – 12 пайыз» ұранымен науқандық немесе тұрақты жұмысшыларды «көлеңкелі еңбек» нарығынан жарыққа шығаруға мұрындық болды. Жалпы тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға тарту жұмыстарын күшейту мақсатында өңірлік штаб отырыстары тұрақты өткізіліп отырады. Соның ішінде Д, Е категорияларындағы адам санын азайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Айта кетейік, Мемлекеттік кірістер департаменті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша төлемдерді 2022-2023 жылдардан бері мүлдем төлем жасамаған 43 мыңнан аса адамға хабарлама жолдап, борышкерлердің есеп шоттары бұғатталған болатын. Өткен айдың нәтижесімен 8 мыңнан астамы қарызын төлеп, бұл бағыттағы жұмыстар қайта жандана түсті, - дейді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.
Жалпы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғасын таппақ. Ең бастысы оған ауыл шаруашылығы құрылымдарын көптеп таруты көзделіп отыр.