Түркістан облысында қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу басты назарда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жайын тағы бір пысықтап өтті. «Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі» екенін айтқан Президент заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуы қажет екенін ескертті.
Осы бағытта жүргізілген жұмыс барысында Түркістан облысында облыстық жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан 51,3 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.
Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, өткен жылы жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектар алқапты құраған болса, атқарылған жұмыстардың қорытындысында биыл жайылым тапшылығы 608 мың гектарға төмендеген. Ал облыстағы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, пайдаланып жатқан жерлерді қайтару бойынша ведомствоаралық кіші топтың құрамы жүйелі жұмыстар атқаруда. Ведомствоаралық кіші топ тарапынан биыл облыс бойынша 60 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып, жыл басынан бері 52 мың гектарға жуық жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.
- Президентіміз Жолдауында жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керектігін де ескертті. «Оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн. Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс» деп тапсырды. Президент тапсырмасын облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы жоспарлы түрде ауыл шаруашылығы жерлеріне зерделеу жүргізіп, игерілмей жатқан егістік және жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруда, - дейді басқарма басшысы.
Бір атап өтерлігі, биыл өңірдегі қоғамдық жайылым көлемін екі бағыт бойынша 304 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Басқарма басшысының айтуынша, бірінші бағыт бойынша жалпы 64 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып, есепті мерзімге 49,1 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 10 айда жоспар 70 пайызға орындалды. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар Сарыағаш, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас, Келес, Созақ, Отырар аудандарында төмен деңгейде қалыптасып отыр.
Екінші бағытта жалпы қоғамдық жайылым қажеттілігін 240 мың гектарға төмендету бойынша шалғайдағы маусымдық жайылымдарды ұйымдастыру, мал бордақылау алаңдарын ашу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Шалғайдағы маусымдық жайылымды ұйымдастыру арқылы қоғамдық жайылым қажеттілігі 95,5 мың гектарға төмендетілген.
- Ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан егістік пен жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару Президенттің тікелей бақылауында тұрған мәселе. Ол Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауларында, басқа да халыққа арнаған үндеулерінде аз айтылған жоқ. Ең бастысы сең қозғалды. Бүгінге дейін игерусіз жатқан жайылымдар мен егістік жерлер ел игілігіне қайтарылуда. Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі ауыл шаруашылығы кешенін зерделеу мақсатында жұмысшы топ құрылды. Жұмысшы топ тарапынан Ордабасы, Отырар, Сайрам аудандары мен Арыс қаласы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілді. Елді мекендерді дамыту бағытында Сайрам ауданы, Қарабұлақ елді мекеніндегі мал бордақылау алаңдарын елді мекеннің сыртына көшіру бойынша жалпы 587 гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару қарастырылған. Қазіргі таңда аудан әкімдігі тарапынан 255 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды, - дейді облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген.
Жалпы алғанда еліміздегі жер қатынастары эволюциялық түрде, яғни уақыт пен заман талаптарын ескере және мәселенің пісіп-жетілуі ырғағын сақтай отырып бірте-бірте дамытылу үстінде. Ол халық шаруашылығы салалары арасында жерді дұрыс үйлестіруді, қоғамға керек ауыл шаруашылық өнімді толық алуды, топырақтың құнарлылығын сақтау және жүйелі түрде жоғарылатуды көздейді. Дегенмен мемлекет иелігіне қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу басты назарда.