Сауран ауданында жаңа басталған жобалар өз нәтижесін беруде

Oinet.kz 13-10-2024 7

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында елдегі инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуді, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды, сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында жұмыс жүргізуді аймақ басшыларына тапсырған болатын. 

Screenshot_22.jpg

Президент тапсырмасына орай Сауран ауданында көптеген жобалар қолға алынған. Соның бірі – елді мекендерді таза ауызсумен қамту жобасы. 

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, халықты таза ауызсумен қамту мақсатында аудандық бюджеттен қаржы қаралып, өңірде ауыз су тапшылығы мәселесін жоюға бар күш жұмылдырылған. Осы бағытта бүгінгі күні 12 ауылында таза ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек, Қарашық ауылдық округі мен  Құмтүйін елді мекенінде жұмыс сапарымен болған сәтте бұл жұмыстың барысымен танысып, мердігерлерге тиісті тапсырма беріп, сапаға мән берген болатын.  

- Президент тапсырмасына сәйкес бүгінгі күні аудандағы 34 елді мекеннің 99,9 пайызы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта атқарған жұмыстардың арқасында 12 елді мекенде су қысымының деңгейі артып, уақытпен берілетін ауыз су жүйесі енді 24 сағат бойы үздіксіз берілетін болады. Жалпы алдағы жылы аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылып, бұл мәселе толық өз шешімін тапқалы отыр, - дейді аудан басшысы. 

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікке де жақсы көңіл бөлінген. Ауданда көзін тапқанға кәсіп көп. «Кәсіп ашып, жұмыс істеймін дейтіндерге» мүмкіндік те жоқ емес. Соның нәтижесінде өнімді шығаратын кәсіп иелері көбейіп, аймақтан шыққан өнімдерге де сұраныс арта түсуде. Атап айтсақ, ауданымызда Ресейдің сапалы есіктерінен кем емес ішкі есіктер шығарылуда. Бұл іспен кәсіпкер ағайындылар Азизбек пен Бахадир Абдужалиловтар айналысуда. Олар өндіріс цехын биыл ғана іске қосқан болатын.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында кәсіп ашамын, жұмыс істеймін деген жастарға қолдау көп. Оған өзіміз «Люкс Двери» шағын цехтың ашқанда көзіміз тағы жетті. Біздің цехта 60 маман жұмыс істеп жатыр. Цехтың жылдық қуаты 150 мың есік шығару. Бүгінде облыс және ауданның тұрғын үйлері мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі есіктер сатылуда. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді. Ауданнан бөлек, ауыл округінде есіктерге сұраныстың жоғары екенін аңғардым. Алдағы уақытта осы салада өнім өндіретін цехтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын. Нар тәуекел етіп, бастаған ісім өрге басып, сұраныс артқан сайын жұмысымды өрістете бастадым. Қазір жаман емес, кәсібімнің арқасында жетістікке жетіп жатырмын, - дейді цех иесі Бахадир Абдужалилов. 

Есіктің қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару тек шын шебердің қолынан келеді. «Қимылдағанның қыр асатынын» жақсы білетін Азизбек пен Бахадир кәсіптің осы түрін қолға алып, жетістікке жетуде. Кәсіпкерлер алдағы уақытта есіктердің түрлерін көбейтіп, цех әлеуетін арттырып, көрші облыс пен  қалалардан тапсырыстарды қабылдауды жоспарлап отыр.

Созақ ауданында атқарылған жобалардың игілігін ел көруде
Төлеби ауданында туризмді дамытуға арналған ауқымды жобалар бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу