Төлеби ауданында туризмді дамытуға арналған ауқымды жобалар бар

Oinet.kz 13-10-2024 7

Мемлекет басшысы Жолдауында елде туризмді дамыту керектігін сөз ете отырып, бұл шаруаны табиғатқа ешқандай зиян келтірмей жүзеге асыруды тапсырған еді. 

Screenshot_23.jpg

Бүгінгі таңда Төлеби ауданында бұл бағытта қолға алынған жұмыстар көп. Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың айтуынша, ауданда демалушыларға қызмет көрсететін жалпы саны 194 нысан бар екен.

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау барынша маңызды екенін ерекше атап өткім келеді» деді. Біздің кәсіпкерлер Президент тапсырмасын орындау барысында табиғатқа еш зиян келтірмей өз жобаларын жүзеге асыруда. Жалпы Төлеби ауданы – шығыс пен батысты жалғастырған әйгілі Жібек жолының күре тамыр даңғылы өткен жер. Өлкеміздің тұмса табиғаты қаншама ақын өлеңіне, суретшілердің қылқаламына арқау болды. Таулы аймақ тамылжыған табиғатымен ғана тартымды емес, ата тарихымыздың куәсі, елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жәдігер мұраларына  өте бай өлке. Сондай-ақ, елді мекенде табылған мәдени ошақтар ашық аспан астындағы мұражайға айналды.  

Тарихы шежіреге бай аудан таулы аймақта орналасқандықтан, туризм саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынуда. Жалпы ауданда демалушыларға қызмет көрсететін орындар саны 194 нысанға жетті, - дейді аудан басшысы. 

Төлеби ауданында бұл бағытта қолға алынған жобалар өте көп. Мәселен, ауданда жыл бойы туристік қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» тау шаңғы курортының құрылысы жүргізілуде. Курорт аумағында бірнеше қонақ үй, мейрамханалар, арқан жолы, бассейн және тағы басқа нысандар жоспарланған. Іске асырылған жағдайда бірінші жылдары жылына 120 000 жуық демалушы қабылданады деп күтілуде. Жоба айналасында туристерге қызмет көрсететін бірнеше нысандар ашылып,  жалпы 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Жоба бойынша шаңғы трассасы биіктігі 1880-3155 метр (Шымбұлақ 2260-3163метр), трассасының жалпы ұзындығы - 33,4 шақырым болады. 

- Жалпы Төлеби ауданында жыл басынан құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын 4 туристік нысан ашылды. Аталған салаға көптеп инвестиция тарту үшін және дамыту мақсатында Біркөлік, Ақмешіт, Қасқасу елді мекендеріндегі туристік рекреациялық аймақтарының  егжей-тегжейлі даму  жоспары әзірленуде. 2024-2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 миллиард теңге болатын ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Бұл жобаларді іске асыру арқылы ондаған жұмыс орнын ашу жоспарлануда, - дейді Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов.

Сауран ауданында жаңа басталған жобалар өз нәтижесін беруде
Түркістан облысында тұтас халықты ұйыстырған бастама халық тарапынан қолдау тапты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу