Созақ ауданында атқарылған жобалардың игілігін ел көруде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік.
Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр.
Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа» деді Президент. Осы ретте Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар көп.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтың айтуынша, бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Ол жобалардың жүргізілу барысын аудан әкімі өз бақылауына алған. Атап айтсақ, соның бірі – аудан орталығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы.
- Мемлекет басшысы Жолдауында «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын» деп атап өткендей, ауданда жоба ясында салынып жатқан 900 орындық білім ошағы біздің бақылауымызда. Күнделікті құрылыс жұмыстарының барысын қарап, бақылап отырмыз. Қазіргі таңда құрылыстың ішкі және сыртқы жұмыстары жүргізіліп, фасадтары травертинмен қапталуда. Жаңа білім ошағының техникалық жабдықталу деңгейі 4 есеге арттырылған. Мұнда робототехника кабинеттері, зертханалар және хореография залдары қарастырылуда. Оқу кабинеттері заманауи интерактивті тақталар және компьютерлермен жабдықталатын болады. Мектепішілік кеңістікті тиімді әрі жайлы ету мақсатында бастауыш, орта және жоғары буын оқушылары үшін бөлек блоктар жасалмақ. Бұл жоба ауданымыздың білім беру жүйесін жаңа биіктерге көтеріп, оқушыларға сапалы білім мен қолайлы орта ұсынатын болады, - дейді аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков.
Бұдан бөлек, ауданда жеке инвесторлар арқылы 2 пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан аудан әкімінің айтуынша, қазіргі таңда тұрғын үйлердің сыртқы фасадтары травертинмен безендіріліп, аулалары темір қоршаумен қоршалған. Ішкі жұмыстардың қарқыны да арта түскен. Су және жылу жүйелері жүргізіліп, қабырғаларға түсқағаздар жабыстырылуда. Едендері төселіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне басымдық берілуде. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 71,1 шаршы метрді құрайды. Атап өтерлігі, бұл жоба – әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға және тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталып отыр.
Сондай-ақ ауданда Президент Жолдауында айтылған бұқаралық спортты дамыту бағытында да жоспарланған жобалар аз емес. Соның бірі – аудан орталығында бой көтеріп жатқан 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы. Аудан әкімі нысан басындағы құрылыс жұмыстарымен танысқан кезде ондағы құрылыстың сапасына ерекше назар аударды. Ол бойынша жауапты мамандарға бірқатар нақты тапсырмалар беріп, жұмыс барысын жеделдетуді тапсырды.
Қазіргі таңда жалпы ауданы 3 гектарды құрайтын спорт кешенінің металл құрылымдары орнатылу үстінде. Бұл жаңа кешен оқу-жаттығу базасымен толық жабдықталып, халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес пен бокс залдары, бассейн және футбол алаңы орналасатын болады. Сонымен қатар, жастардың спортпен шұғылдануына және ауданның спорттық әлеуетін арттырып, спорттың жандануына негіз болатын жаңа мүмкіндіктер болмақ.
Президенттің Жолдауда көтерген бір мәселесі – тариф саясаты. Осы тұрғыда аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Таукент кентінде болып, «Шолаққорған-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын мекемесіне қарасты орталықтандырылған жылу қазандықтарының жай-күйімен танысты. Мекемеге қарасты жылу жүйесін және ондағы алмастырылған қосалқы бөлшектер мен жабдықтарды тексерді. Жылуға жауапты мамандармен бірге жұмыс барысын талқылап, нақты талаптар қойды. Сонымен қатар, «Мазут шаруашылығы» отын сақтау қоймасында болды. Ондағы сұйық отын қоры мен оның тасымалдануын бақылауға алды. Таукент және Қыземшек кенттеріне қажетті сұйық отынның жеткізілуі мен қордың сақталуы маңызды екендігін айтып, жауаптыларға тасымалдау жұмыстарын назарда ұстауды тапсырды. Қазіргі уақытта Таукент кентіндегі жылу қазандығында 2275 тонна мазут қоры бар. Тасымалдау жұмыстары әлі де жалғасуда.
Бір атап өтерлігі, биыл Таукент кентіндегі жылу жүйесі толықтай сұйық отынға ауыстырылған болатын. Осыған дейін жылу трассасы мен жүйенің техникалық тексерісі жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілген. Кент ішіндегі ішкі орамдық жылу құбырының 1110 метрлік бөлігінің қайта жаңғыртылуы, қазандықтың жарамсыз қосалқы бөлшектерінің алмастырылуы, сондай-ақ задвижкалар мен сорғылардың жаңартылуы сығымдау жұмыстары арқылы тексерістен өткізілді. Қазіргі таңда кент тұрғындарына жылу температуралық кестемен тұрақты түрде берілуде.