Сарыағаш ауданындағы Жылға ауылдық округіне таза ауыз су мен табиғи газ тартылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында халықты таза ауыз сумен және көгілдір отынмен қамтудың маңыздылығына да тоқталған болатын.
Осы бағытта Сарыағаш ауданының бас жоспарына сәйкес бірқатар елдімекендерге таза ауыз су мен газ құбырлары жүргізілуде. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, осы бір игі істер Жылға ауылдық округіне жүзеге асырылуда екен.
Осы ауылға жасаған жұмыс сапары барысында аудан әкімі округ тұрғындарын таза ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аудан әкімі құрылыс алаңында инфрақұрылым құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме өклідерімен кездесіп, құрылыс барысын жан-жақты пысықтады.
Бұл жұмысты мойнына алған «Отау Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілінің айтуынша, бүгінгі күні 700 метр тереңдікте су ұңғымасы қазылып, бірінші және екінші көтеру сорғы станциясы ғимаратының құрылыс жұмыстары және сыртқы қоршау жұмыстары толық аяқталған. Бүгінде ауыз су құбырларын тарту және 191 су құдықшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде екен.
Ал ауылдық округке қарасты Жылға, Нұрауыл, Ферма №3 елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету құрылыс жұмыстарын «Ремстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мойнына алған.
- Президентіміз халыққа арнаған Жолдауында инфрақұрылым саласындағы өзекті мәселелерді шешіп, халыққа таза ауыз су мен табиғи газ жеткізуді алдағы жылдары аяқтауды тапсырған болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет екенін алдымызға қойып отыр. «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі» дейді Президент. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аудандағы елдімекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары бірнеше ауылда жалғасын тауып отыр. Бүгінгі күні «Ремстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 12,2 шақырымды құбыр тартылып, 3,8 шақырым траншея құбырын жүргізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар аяқталса Жылға ауылдық округіне қарасты елдімекендер алда көгілдір отынның игілігін көретін күн де алыс емес, - дейді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Аудан әкімі таза ауыз су мен табиғи газ құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ алда жұмыс жоспарына сәйкес құрылыс жұмыстарын өзі келіп бақылайтынын ескертті. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарында қолданылып жатқан материалдардың сапасына, ауа райының құбылмалдығын ескере отырып құрылыс жұмыстарын мерзімінде атқаруды тапсырды.