Түлкібас ауданының диқандары алтын күз мерекесін атап өтті
Күз молшылықтың айы. Түлкібас ауданының диқандары биылғы жылды табысты аяқтап, мол өнімге кенеліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлуі арқылы да ел шаруаларының шаруашылығын көтеруге демеу болып отырғаны белгілі.
Мемлекеттен беріліп жатқан жеңілдетілген несиелер, түрлі бағдарламалар мен жобалар, «Ауыл аманаты» жобасының игілігін ел тұрғындары көріп, сезініп, бизнесін мүмкіндігіне қарай дамытуда. Міне. Түлкібас ауданының диқандары тағы бір жылды артқа тастап, аудан болып күз айына рақметін айтып, сабантой өткізді.
- Президентіміз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басымдық беріп отыр. Осы ретте биыл ауданда шаруа қожалықтардың күшімен көп жұмыс атқарылды. Енді бұл күз жыл бойы атқарылған, төккен тердің жемісін көретін күн. Алтын күз – шаруалардың жыл бойғы бел жазбай істелген еңбектерінің жемісін көретін, нәтижесін сараптап, алдағы межелерді белгілейтін шағы. Осы орайда, жылдағы дәстүрге сай кеше аудандық мәдениет үйінде «Алтын күз 2024» мерекелік іс-шарасы өтті. Мерекелік іс-шара барысында 2024 жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарды баяндайтын бейнеролик көрсетіліп, көптеген еңбек адамдары марапатқа ие болды, - дейді аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов.
Атап айтар болсақ, мерекелік іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов және аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев аудан кәсіпкерлерін мерекелерімен құттықтап, ауданымыздың ауыл шарушылығы саласында жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген еңбек озаттарын алғыс хат, төс белгі және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Басқосу соңы концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
- Еңбегінің жемісін көріп отырған ауданымыздың еңбек озаттары мемлекеттік қолдаулардың арқасында тыңғылықты жұмыстар жүргізіп, өзіндік жақсы көрсеткіштерімен жылды қорытындылауда. Атап айтсақ, осы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы саласында 39,1 миллиард теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Оның 17,6 миллиард теңгесі мал, 21,5 миллиард теңгесі өсімдік шаруашылығына тиесілі. Бұл мерекеде ешқандай еңбегін жолға қойған шаруа ескерусіз қалмады, - дейді аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев.
Бір атап өтерлігі, осы іс-шара аясында аудан орталығында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Алтын күз 2024» мерекесіне орай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде ауданда өндірілетін ауыл шаруашылығы тауарлары жергілікті тұрғындарға 15-20 пайыз арзан бағада ұсынылды. Мол өнімді тиімді бағада алған аудан тұрғындары шаруалардың еңбегіне дән риза екендіктерін жеткізді.
Аталған шараға аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов қатысып, сауда қатарларын аралады. Іс-шараның негізгі мақсаты шаруалардың өндірген өнімдерін делдалсыз тұтынушыларға тікелей ұсыну болатын. Жәрмеңке барысында 20 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері жеңілдетілген бағада өткерілді.