Жетісай ауданында инвесторлар өз есебінен мектеп салуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Жайлы мектеп» жобасының аясында 2025 жылдың соңына дейін 217 мектептің пайдалануға берілетінін айтқан болатын.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, ауданда мемлекеттікжоба аясында және инвесторлардың есебінен бірнеше мектеп салу жоспарланған.
- Президент Жолдауында «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын» деп атап өткендей бүгінгі күні білім саласына көп көңіл бөлінуде. Бір сөзбен айтқанда, білім мен ғылым саласын дамытуда ел жастарына үлкен қамқорлықтар мен мол мүмкіндіктер жасалып жатыр. Өйткені, елдің болашағы бүгінгі жастардың қолында. Бәсекеге қабілетті, білімді, кез келген елмен иық тіресе алатын деңгейге жетулері үшін олардың білім алатын мектептерінің заманауи болуы да үлкен маңызға ие, - дейді аудан әкімі.
Ауданға арнайы келген «KEMELDEN GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Берік Қасымбековты қабылдаған Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов отандық ғылыми-техникалық даму, оқушыларға жаратылыстану-математика пәндері мен ағылшын тілін оқытудың маңыздылығы, ұрпақ мүддесі үшін оқу-ағарту саласының популистік санадан арылып, балалардың мүддесін қорғауға тиіс екендігі, жеке инвестициялар есебінен заманауи мектептердің санын арттыру мәселелерін кеңінен талқылады.
«Ата-аналар мен оқушылар алған білімінің және игерген машық-дағдысының сапалы, сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс. Сондықтан, олармен де үнемі әріптестік қатынас орната білу керек» деген Мемлекет басшысының тапсырмасы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді» деген аудан әкімі Серік Мамытов күрделі, жауапкершілігі жоғары салада саналы, елжанды, патриоттық рухта тұлға тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.
Екіжақты жүргізілген алдын ала келіссөздердің нәтижесінде «KEMELDEN GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Берік Қасымбеков 2025-2026 жылдары аудан аумағынан 1000 оқушыға арналған 2 мектеп салатындығын айтты. Атап айтқанда инвестор Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Қызылтаң елді мекенінде 500 орындық, Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм елді мекенінде 500 орындық заманауи мектептің құрылысын жүргізетін болды.
Одан бөлек, «OLZHA SMART» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жаңа ауыл ауылдық округінің Мырзашөл елді мекенінен 320 оқушыға арналған мектеп салынады деп жоспарлануда. Айта кетейік, биыл жеке инвестиция есебінен Жетісай қаласынан «ЕРЖИГИТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 420 орындық, «ЛИДЕР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 300 орындық 2 мектепті іске қосқан.