Отырар ауданындағы құрылыс жұмысында қарқын бар

Oinet.kz 09-11-2024 11

Отырар ауданында құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы айтқандай мұнда Президент Жолдауында тапсырғандай халықтың жайлылығын қалыптастыру мақсатында инфрақұрылым жүйесін жаңғыртуға, таза ауызсу, көгілдір отынмен қамту, жол құрылысы мен тұрғын үй және әлеуметтік нысандарды салуға көп көңіл бөлінген.

Screenshot_10.jpg

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауы ел көңілінен шықты. Онда айтылған тоғыз бастама да ел тұрмысымен қатар әлаухатын, құқықтық сауаттылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Мәселен, Мемлекет басшысы Жолдаудың төртінші бағытында елдегі инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажеттігін тапсырды. Бұл бағытта ауданда қолға алынға жұмыстар баршылық. Мәселен, бүгінгі күні Мыңшұңқыр елдімекені мен Шәуілдір ауылындағы жаңа тұрғын үй алабына жаңа тұрғын үйлер салынып, инфрақұрылымы жүргізілуде. Ол жаңа тұрғын үй алабындағы құрылыс жұмыстарын үнемі қарап, құрылыс сапасын бақылап, мердігерлермен тиісті жұмыстар атқарып келеміз, - дейді аудан әкімі.  

Кеше Мыңшұңқыр елдімекені мен Шәуілдір ауылындағы жаңа тұрғын үй алабындағы тұрғын үй құрылысының сапасын бақылау мақсатында аудан әкімі мердігерлермен кездесіп, құрылыстың сапалы және мерзімінде жүргізілуін ескертті. Сондай-ақ құрылыс нысанындағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін айтқан аудан әкімі жауапты сала басшыларына тиісті жұмыстарды бақылауда ұстауды тапсырды.

- Бүгінгі күні Отырар ауданында тұрғын үй кезегіне 2374 азамат тұр.  Оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары санаты бойынша - 751, көпбалалы отбасылар тобы - 800, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша 50, мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар – 771, апатты жағдайдағы тұрғын үйлер санаты бойынша – 2 азамат бар. Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы 4 қабатты 32 пәтерлі 1 тұрғын үйдің және Шәуілдір ауылынан 2 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, - дейді аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы.

Сондай-ақ аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының айтуынша, биыл жыл соңына дейін Шытты елді мекенінде салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік тіректі пайдалануға беру жоспарланған. Бұл денсаулық саласында соғылып жатқан жалғыз нысан емес. Бұған дейін де бірнеше медициналық пункт ел игілігіне берілген болатын ауданда. Осындағы құрылыс жұмысымен танысқан кезде аудан басшысы мердігер мекеме «Real Story Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестік мамандарымен кездесіп, құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырған болатын.  

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан медциналық нысан облыстық бюджеттің қаражаты есебінен бой көтеруде. Бұл нысан бұған дейін ауыл тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген мәселенің бірі болатын. Бүгінде тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, кезең-кезеңімен іске асуда. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес Аққұм ауылында дәрігерлік амбулатория салынуда. Аталған нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Медициналық нысан арнайы құрал жабдықтармен қамтылып, 1 аға дәрігер, 1 акушер-гиниколог, 3 медбике ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін болады», - дейді аудан әкімі. 

Бұдан бөлек, ауданда елдімекендерді таза ауызсумен және көгілдір отынмен қамту бойынша инфрақұрылым жүмыстары жа негізгі құрылыс жұмыстарымен қатар жүргізілуде. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Саттар Нәлібайдың айтуынша, ауданның даму жоспарына енгізілген елдімекендер кезең-кезеңмен таза ауызсу және көгілдір отынмен қамтылуда екен. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы жылы аяқтау жоспарланғанын жеткізді.

Сайрам ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында тал-дарақтар отырғызылуда
Түлкібас ауданының диқандары алтын күз мерекесін атап өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу