Келес пен Саурандық бизнес өкілдері өзара тәжірибе алмасты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды.
Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз. Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз», деп алдағы бағдарды айқындап берген болатын.
Сауран ауданында Президент тапсырған жұмыстар жоспарлы жүзеге асырылуда. Ауданда инвестиция тарту мен шағын және орта бизнеске жақсы көңіл бөлінген. Жуырда Сауран ауданында өнеркәсіп және кәсіпкерлік бағытта қолға алынған жұмыстармен танысу мақсатында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев бастаған делегация Сайрам ауданына арнайы іссапармен келіп, ондағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Делегация құрамында Келес ауданындағы ауыл, ауылдық округінің әкімдері, кәсіпкерлер мен ауданның ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің өкілдері болды.
Алдымен ірімшік, құрт, консерва өнімдерін дайындайтын «Эл-Дениз» кәсіпорнында болған келестіктер ондағы өнімді дайындау процесімен танысып, тәжірибе алмасты. Кәсіпкермен тілдесіп, жоба туралы толық мағлұматқа қол жеткізді. Сондай-ақ, фаррель, сазан балығын өсірумен айналысатын «Пратов» жеке кәсіпкерлігінің жұмысын да көзбен көрді. Аталған кәсіпорын бүгінде жылына 20 тоннадан астам өнім алып, ішкі базарды балық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Келестіктер Сайрам ауданына жасаған сапары барысында кондитерлік өнімдерді өндіретін кәсіпкердің жұмысын да қарап шықты. Онда қазіргі таңда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, «Хидиров» жеке кәсіпкерлігі Газель автокөлігінің қуатын күшейтумен айналысуда екен. Сонымен қатар, делегация ұжымы сары май, құрт, чечель, брынза өнімдерін өндіріп, күніне 4 тонна сүт өңдейтін «Сматулла» жеке кәсіпкерлігінің жұмысына қызықты.
Сайрам ауданындағы «Наурыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5 тоңазтқыш қойма жасақтап, күніне 20 тонна консерва дайындап шығаруда екен. Осы бағыттағы кәсіппен «Глобус плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де айналысуда. Келес ауданынан келген делегацияның сапары 7 түрлі сары май, 2 түрлі құрт, қаймақ, сүзбе, ірімшік өнімдерін шығарып, күніне 30 тонна сүтті өңдейтін «TAYIBA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысымен танысумен аяқталды. Онда қазіргі таңда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
- Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы Жолдауында елдегі инвестициялық ақуалды жақсартуды тапсырды. Біз Сауран ауданымен байланыса отырып, әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Бізге қарағанда Сауран ауданында өнеркәсіп өндірісі жақсы жолға қойылыпты. Біздің Саураннан үйренеріміз көп екен. Осыған орай біз де ауданда қолға алынған жұмыстар аз емес. Соның аясында іске асырылатын инвестициялық жобалардың нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемін жыл сайын бірнеше пайызға өсіру арқылы екі есеге артыру жоспарымызда бар. Бізге шағын және орта бизнестің бағыттарын түсіндіріп, бағыт-бағдар берген Саурандық әріптестеріме алғыс білдіремін, - дейді Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев.