Түркістан: Арыз-шағымға салғырт қарағандарға шара көріледі
«Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Түркістан облысының тұрғындары тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізіледі. Бұл туралы Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстағы өтініштердің қаралуында орын алған кемшіліктер мен заңбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарының жағдайы бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы ретте, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен өтініштердің орындалу барысы сараланған жиын өтті. Жиынға басқарма басшылары мен орынбасарлары және онлайн режимде аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары қатысты.
Аппарат басшысы әрбір азаматтың өтініші маңызды екенін тілге тиек етіп, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар міндеттеді. Жұмыс барысындағы әр заңбұзушылық жіті қаралатынын ескертіп, жіберілген кемшіліктерді түзеуге уақыт берді. Тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдардың орындалуына салғырт қараған басшыларға тәртіптік шара көрілетін баса айтты.
Алдымен ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Өтініштерді талдау және бақылау бөлімінің басшысы Ғазиз Қалдыбайұлы сөз алып, департамент тарапынан анықталған жергілікті атқарушы органдардың жеке және заңды тұлғалардан түсетін өтініштерін қарауы мен орын алған заңбұзушылықтары туралы баяндады.
Жиын барысында Өтініштердің қаралуын бақылау бөлімінің басшысы Айдана Амирбекқызы тұрғындар тарапынан түскен арыздардың орындалу барысына тоқталды. Басқарма басшылары мен орынбасарлары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Кеңес қорытындысымен жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қабылданып, заңбұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар күшейтіледі. Арнайы мамандардың қатысуымен семинар ұйымдастырылып, пікір алмасулар өткізіледі.