Сайрам ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 12900 түп көшет отырғызылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Қаза Қазақстан» акциясы сәуір айынан бері Түркістан облысы аумағында уақытылы өткізіліп келеді.
Облыста жыл соңына дейін бекітілген сенбіліктер өткізу кестесіне сәйкес, қазіргі таңда аудан, қалаларда жалпы 543 ауқымды сенбіліктер іс-шарасы өткізілді. Бұл бағытта жұмыстар өз жалғасын табуда.
Оған қоса, Telegram-ботқа бүгінгі таңда 510 өтінім түскен. Бұл Telegram-бот туралы аудан, қала әкімдіктерімен насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар осы жылы қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 25 237 мыңнан астам хаттама толтырылып, 288,5 миллион теңгеге айыппұл салынған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, бүгінгі таңда абаттандыру қағидасына сәйкес, іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 22 845 жеке тұрғын үй мен 14 172 кәсіпкерлік объектісіне мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 1217 ескерту және 625 айыппұл салынған. Қағиданы сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясының өтуі тұрақты қадағалануда.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында алдағы уақытта аудан, қала әкімдіктері табиғат басқармасымен бірлесіп қараша айынан бастап ағаш отырғызу бойынша ауқымды акция өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, облыс аумағында жалпы 500 мыңнан астам ағаш отырғызу көзделген. Бұл акция өңірлерді көгалдандыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бүгінгі таңда бұл бағытта ағаштарды отырғызуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мұндай жұмыс Сауран ауданында ұйымшылдықпен өткізілуде. Аудан әкімі Арман Сәбитовтың айтуынша, кеше «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Көшет егу күні» тақырыбында жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылған. Көгалдандыру шарасына аудан әкімі Арман Сәбитов, ардагерлер, аудандық мәслихаттың төрағасы және Аманат партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы, ауданға қарасты мемлекеттік және бюджеттік мекеме басшылары мен мамандары, білім беру ұйымдары белсенді түрде қатысты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек» дейді. Міне, осы қасиетті ел санасына сіңіру бізге жүктелген міндет. Халқымызда «Тазалық – маулық кепілі» дегендей қоршаған ортамызды таза ұстау барша аудан тұрғындарының міндеті. Өткен аптада барлық, ауылдық округтерде ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған мыңнан аса тұрғын атсалысып, 40 техника жұмылдырылды. Сенбілік барысында 12900 көшет отырғызылып, жол бойы ретке келтірілді. Ішкі жол бойлары тазаланған. Мәселен, «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі»-нен алынған 12900 түп көшет аудан орталығындағы «Мәртөбе» алаңына және барлық ауылдық округ аумағындағы мектеп аулаларына отырғызылды, - дейді аудан әкімі Арман Сәбитов.
Абаттандыру шарасы аясында аудан әкімі тиісті сала басшыларына жасыл желекті суғару жүйесінің тұрақты жұмыс жасап тұруын қадағалауды тапсырды. Бұдан бөлек, «Көшет егу күнінде» білім саласы қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарды қураған ағаш бұталары мен жапырақтардан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Сенбілік барысында аудан әкімі Арман Сәбитұлы Абылайхан даңғылының жағдайымен танысып, инфрақұрылымдық сапасын бақылады. Қоршаған ортаны көгалдандырумен қатар, ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға да зор үлес қосатын бұл шара алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.