Шардара ауданы инвесторлардың жобасын қолдауға дайын
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлерге жасалатын жеңілдіктерді арттырып, кедергілерді азайтуды тапсырды. «Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет.
Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек. Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар», - дейді Президент Жолдауында.
Президентіміз тапсырғандай, бүгінгі күні Шардара ауданында шағын және орта бизнес жақсы жолға қойылып келеді. Оны өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен тартылып жатқан инвестициялық жобалардың ауқымының кеңдігінен байқау қиын емес. Кәсіпкерлерге мемлекеттен көрсетіліп жатқан қолдау да көп.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевтың айтуынша, өңірдегі индустриялды аймақта инвесторлар тарапынан «Казкрахмал» жүгері өңдеу зауытының құрылыс жүргізілуде. Зауыт жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеуге қауқарлы. Жобаның жалпы құны – 35 миллиард теңгені құрайды. Жаңа зауыт іске қосылғанда 500-ден астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өндіріс орнын 2025 жылы толық іске қосу жоспарланған.
- Мемлекет басшысы Жолдауында алдымызға қойылып отырған мақсаттың бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімі өндірісін дамыту. Ауданның диқан қауымы егін себу, көкөніс пен бақша салуды, мал бағуды жақсы біледі. Жүгері дақылын өсіруге де соңғы жылдары басымдыщ беруде. Шағын және орта кәсіпкерліктің де көзін тауып отыр. Дегенмен аудандағы шаруалардың негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Атап айтсақ, негізінен сүт, ет шаруашылығына маманданған, тамақ өнеркәсібі дамыған аудандардың бірі және кәсіпкерлік белсенділігі жоғары. Кәсіпкерлер еөбінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобасына басымдық беруде. Осының аясында аудандағы индустриалды аймақта жем дайындау, кансервілеу тағы басқа зауыттар мен фабрикалар инвесторлар тарапынан салынуда, -дейді аудан басшысы.
Арман Романұлы зауыт жұмысымен танысып, инвесторлармен кездескен сәтінде, оларға аудан әкімдігі тарапынан зауыт құрылысына қажетті инфрақұрылым мәселесін шешуге жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізіп, бірқатар жұмыстарды талқылады.
– Біздің басты мақсатымыз - жаңа кәсіпорындар ашып, ауданда жаңа жұмыс орындарын құру қажет. Ауданға инвестициялар тарту керек. Біз кәсіпкерлерді қашан да қолдауға дайынбыз. Бұл – кәсібін дөңгелетемін деген азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Кәсіпорындардың көбеюі ауданның экономикасының дамуына да, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да өз септігін тигізетіні сөзсіз» – деді аудан басшысы.
Жеке кәсіпкер өнімдерді ішкі нарықпен қоса сыртқы нарыққа да шығаруға ниетті. Зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттайды. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенше зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгеріні өздері егіп отырмақ.