Отырар ауданында жұмыспен қамту шаралары жоспарлы жүзеге асырылуда

Oinet.kz 04-10-2024 13

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында алдымызға үлкен мақсаттар қойып, бағытымызды айқындап беріп отыр. 

Screenshot_63.jpg

Бұл еліміздің орнықты дамуының, халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыра түседі деген зор сенім ұялатады. Президентіміз Жолдауында денсаулық, мәдениет, білім салаларымен қатар халықты жұмыспен қамту шараларына көңіл бөлгені белгілі. 

Бүгінгі күні Отырар ауданында әлеуметтік нысандарда жылыту маусымы басталып кетті. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының айтуынша, аудандағы денсаулық, мәдениет, білім салаларындағы 144 мекемеге және көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелердің жылу жүйелеріне қысымдау, шаю жұмыстары жүргізіліп, жылуға толық қосылған. Оның ішінде білім саласында 39 мектеп, 2 мектептен тыс мекемелер мен 20 балабақша, мәдениет саласында 1 аудандық ммәдениет сарайы, 25 кітапхана, 7 ауылдық мәдениет үйі,11 ауылдық клуб пен 2 спорт мектебі, денсаулық сақтау саласы бойынша 1 орталық емхана, 1 орталық аурухана, 14 дәрігерлік амбулатория, 8 фельшерлік акушерлік тірек пен 12 медициналық тірек жылумен қамтылған.

Жалпы осы ауданда жылу маусымының өтуі мен жұмыспен қамту шаралары бойынша аудандық кеңес төрағасы Көлбай Жалғасбайдың төрағалығымен өткен жиында қаралып, талқыланған еді. Жиынға қатысқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жоғарыдағы жылу маусымының барысымен таныстырды. 

Ал аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов Президент Жолдауында  депутаттар мен Amanat партиясына көп жауапкершілік жүктеліп отырғанын, партияның "Қарызсыз қоғам" жобасы аясында көп жұмыс атқарылғанын атап өтті. 

Жиынның күн тәртібінде аудандағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және өзге де әлеуметтік нысандардың жылуға қосылу жұмыстарының барысы және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ағымдағы жылы атқарған жұмыстары туралы екі мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты аудандық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Саттар Нәлібай, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай, аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ербол Төлепов, аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаевтар баяндама жасады.

Ал екінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жандос Қуатбек баяндама жасап, 2024 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бөлім басшысы атап өткендей Отырар ауданы көлемінде биыл әлеуметтік экономикалық даму жоспары бойынша жұмыс күшінің саны 23 568 адамды құрайды. Оның ішінде жұмыспен қамтылған халық саны 22 392 адам, жалдамалы жұмыскерлер 15142 ал, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұмыскерлер 7250 адам. Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мерекелік күндер мен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындауға аудандық бюджеттен қаржы қаралып, Отырар аудандық мәслихатының шешіміне сәйкес түрлі санаттар бойынша көмектер көрсетілген.

Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері Бегалы Әймішов, Бақытжан Сапарбай, Төрехан Амантайлар білім беру мекемелерінің жылу жүйелеріне қосылуы, қазандықтарды ауыстыру, Мыңшұңқыр елді мекендегі ескі мектеп жайына қатысты сауалдарын қойып, бірқатар ұсыныс-пікірлерін айтты.  

Аудан әкімі жиында көтерілген мәселелердің маңыздылығын айта келе, айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып алдағы уақытта жұмыстарды үйлестіруді жауаптыларға ескертті. Сонымен қатар білім беру мекемелерінің жылу жүйелерін газга қосу туралы жұмыстарды жандандыруды, халықтың әлжуаз топтары мен мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін көмектерді бақылауға алып, жұмыстары жүйелі жүргізуді тиісті сала басшыларына жүктеді.

Түркістан облысында ауруханалар салу жұмысы жалғасуда
Шардара ауданы инвесторлардың жобасын қолдауға дайын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу