Түркістан облысында ауруханалар салу жұмысы жалғасуда
Президентіміз биылғы Жолдауында медицина саласында атқарылуы тиіс жұмыстардың негізгі бағдарын айқындап берді. Бүгінгі күні денсаулық саласында атқарылып жатқан жұмыстар Түркістан облысында баршылық.
Халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында дәрігерлік медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен орталық емханалар мен ауруханалар облыс аумағында көптеп салынуда. Сонымен қатар, дәрігерлердің ауландарға шығып, "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы аясында халықтың денсаулығын тексеруге, медициналық көмек көрсету жолдары да жүйелі қатар жүргізіліп келеді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек», дейді. Осылайша Президент денсаулық саласына алдымызда атқарылуы тиіс бағыттарды айқындап берді. Бүгінгі таңда Президент тапсырмасымен көптеген медициналық нысандар қайта жаңғыртудан өткізілуде. Мұндай жұмыстар Сайрам ауданында жоспарлы жүргізілуде. Жалпы Түркістан өңірінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында ауданаралық көпбейінді аудандық аурухана құру бастамасы іске асырылуда. Солардың бірі – Сайрам аудандық орталық ауруханасы. Қазіргі таңда аурухана күрделі жөндеуден өтіп жатыр, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев.
Жуырда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сайрам ауданында жүргізіліп жатқан орталық аурухананың құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан болатын. Аудандық орталық аурухананы аралау барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аурухана басшысы Ерғали Әлімбаев, нысанның құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан «КазЕвроСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, авторлық қадағалаушы «МПК-Проект» пен техникалық қадағалаушы «Тұран Құрылыс-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері құрылыс барысымен таныстырды. Олар таяуда ғана басталған нысан құрылысы 2025 жылға өтпелі екенін айтты.
– Аурухана ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу керек. Қарқынды бәсеңдетпеңіздер. Жұмысшылар санын көбейтіңіздер. Ауылдағы жұмыссыз азаматтарды тартқандарыңыз абзал. Материалдық-техникалық базасын күшейту қажет. Ешбір кедергі жоқ. Қаржы қаралған. Алдағы уақытта тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Халықтың сенімін ақтауға шақырамын! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, Сайрам аудандық орталық ауруханасы тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек және мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп келеді. 430 төсек орындық тәуліктік стационар жұмыс атқарады. Аурухана құрамындағы аудандық емхана, алғашқы медициналық санитарлық көмек орталықтары, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік тіректері, медициналық тіректер науқастарға қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ облыстық денсаулық сақиау басқармасының ьастамасымен жолға шыққан «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы аудандарды аралауын жалғастыруда. Кеше "Саламатты Қазақстан» медициналық пойызыАрыс қаласындағы Монтайтас ауылына келіп тоқтады. Ауданда 24 сағат тұрақтаған медициналық пойыз ауыл тұрғындарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетті. Сегіз вагоннан тұратын медициналық пойызда ота жасайтын шағын бөлме, зертхана бар. Сондай-ақ, терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор дәрігері, хирург, уролог, маммолог, педиатр мамандары бар. «Саламатты Қазақстан» пойызының биылғы ерекшелігі тұрғындар тегін заңгерлік кеңес алды.