Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыс нәтижесі қорытындыланды

Oinet.kz 03-10-2024 12

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Ауыл аманаты» жобасының тиімді тұрстарын атап өтті. «Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды.

Screenshot_60.jpg

Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек» деген болатын. Президент айтқан үдеден Ордабасы аудандағы шаруалар да шығып келеді.

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың айтуынша, ауданда 10 айдың қорытындысымен ауылшаруашылығы жалпы өнімінің көлемі – 54 миллиард 819 миллион теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 7,6 миллиард теңгеге артып отыр екен. Ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар – 9 миллиард 700 миллион теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 миллиард 578 миллион теңгеге артығымен орындалған. Тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестиция 328 миллион теңгені құраған. 

- Президентіміздің тапсырмасымен "Ауыл аманаты» жобасы аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Пилоттық жоба бойынша несиелендіру өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары секілді 6 бағытта жүзеге асырылуда. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарламаның іске асырылуы тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жеке табысын ұлғайтуға, ауылдардағы мүлікті және бизнестің жаңа субъектілерін тіркеу арқылы 4-деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтуға, толық циклді қайта өңдеу өндірістерін құру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Осы және басқа да ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың аясында диқандарымыз ағымдағы жылы 71 591 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда егіс көлемі – 1 203 гектарға ұлғайтты. Атап айтар болсам, бидайдың 27 092 гектар алқабынан 56 893 тонна (орташа түсімі 21 цн/га), арпаның 3 114 гектарынан 4 359 тонна (орташа түсімі 14 цн/га),  майлы дақылдар орналастырылған 5 228 ектардан, оның ішінде күнбағыстың 149 гектарынан 298 тонна (орташа түсімі 20 цн/га), мақсарының 5 079 гектарданынан 5 588 тонна (орташа түсімі 11 цн/га), ашық топырақта өсірілген көкөністердің 3 148 гектарынан 80 274 тонна (орташа түсімі 255 цн/га), картоптың  632 гектарынан 12 956 тонна (орташа түсімі 205 цн/га), бақша дақылдарының 1 780 гектарынан 37 736 тонна (орташа түсімі 212 цн/га), дәндік жүгерінің 6 982 гектарынан  68 423 тонна (орташа түсімі 98 цн/га), көп жылдық мал азықтық дақылдары орналастырылған 17 215 гектардан 146 327 тонна (орташа түсімі 85 цн/га) мақтаның 6 400 гектарынан 22 400 тонна (орташа түсімі 35 цн/га) өнім алынды,- дейді аудан әкімі.

Сонымен қатар егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында 1 алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу жобасы қолға алынған. Аудан әкімінің айтуынша, биыл 411 гектар алқапқа 141 шаруа қожалығы өнімдерін егіп, нәтижесінде 1-ші дақылдан – 9 854,5 тонна, 2-ші өнімнен – 7 698,2 тонна өнім жинаған. Жыл басынан бері – 18,4 гектар жерге жылыжай құрылысы жүргізіліп, аудандағы жалпы жылыжай алаңы – 127,4 гектарға жеткен. Сонымен қатар, тамшылатып суару әдісі – биылғы жылы – 1 073 гектарға енгізіліп,  жалпы көлемі – 4 273 гектарға жетіп отыр екен. Жаңбырлатып суғару технологияларын биылғы 110 гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 1 202 гектарға жеткен.

- Биыл ауыл шаруашылығы техникасын жаңалау бойынша 117 алу жоспарланып, 9 айдың қорытындысымен 127 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, жоспар 109 пайызға орындалды. Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан ауыл халқының әлеуетін арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы ауданымыздағы көрсеткіші жақсы деп айтуға болады. Ауданымызда жоба аясында скрининг жұмыстары жүргізіліп, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының І-кезеңіне Бадам және Шұбар ауылдық округтері, ІІ-кезеңіне Қараспан және Бөржар ауылдық округтері енгізілді. Жобаны іске асыратын 4 ауылдық округтен 8 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Жобаның нәтижесінде, 2023 жылы аудан көлемінде 261 адамға 1 миллиард 722 миллион теңге несие берілді, - дейді аудан әкімі Азат Оралбаев.

Бүгін күні күзгі жиын-терімді аяқтаған диқан көңілі тоқ. Жоғарыдағы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған, жиналған өнім диұан қауымының табысы. Осыған орай ауданда жиын-терімнің аяқталуына байланысты Темірланда Орбадасы ауданының құрылғанына 60 жыл және ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «Алтын күз - 2024» мерекесі салтанатты түрде аталып өтілген болатын. 

Ерте көктемнен қара күзге дейін дала төсінде тер төгіп еңбек еткен аудан диқан қауымның мерекесіне орай шаруалар мен диқандар, аталған салада жүрген кәсіп иелері азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесінде өз өнімдерін ұсынса, асыл тұқымды мал басының, агросекторға қажетті жаңа техникалардың көрмесі ұйымдастырылды. 

Күзгі жиым-терім науқанының қорытынды көрсеткіші айқындалатын молшылық мерекесіне аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, жергілікті мемлекеттік мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер қауымы қатысты.

Аудан басшысы мерекеге орай ұйымдастырылған көрмені аралап, азық-түлік өнімдерінің өнімділігі жөнінде шаруалармен пікірлесті. Әсіресе, агро сектордағы, мал шаруашылығы саласындағы тың, жаңа жобалардың жұмысына сәттілік тіледі.

Бірлік пен татулық мекені - Ордабасы өндіріс саласымен қатар ауыл шаруашылығы да қарқынды дамып келе жатқан аграрлы аудан. Ауданның ауылшаруашылығы саласындағы кез-келген жетістік бұл, шаруалардың, дихандардың адал әрі тынымсыз еңбегінің және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасы деуге болады.

Ауданның құрылғанына 60 жылдығы мен «Алтын күз - 2024» мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы барша ауыл шаруашылық саласының еңбек адамдарын мерейлі мерекемен құттықтап, ауданның осы саладағы жетістіктеріне тоқталып өтті.

«Барша аудан тұрғындарын ауданның құрылғанына 60 жыл және берекенің бастауы саналған «Алтын күз» мерекесімен құттықтаймын. Несібесін еткен еңбегінен күткен Ордабасылықтар үшін биылғы жыл жемісті болып, мол өнімділікке қол жеткіздік», - дей келіп, осы салаға еңбегі сіңген шаруаларды марапаттады.

Жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына ұласты. Салтанатты жиында ауыл шаруашылық саласындағы жетістіктермен қатар Орталық алаңда қазақы үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрінен ойындар көрсетілді.

Сарыағаш ауданында жол құрылыс жұмыстары әкімнің назарында
Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 8 мың түп тал-дарақ отырғызылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу