Сарыағаш ауданында жол құрылыс жұмыстары әкімнің назарында
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жол-көлік логистикасын дамыту, сондай-ақ елді мекендерді көгілдір отынмен қамту сынды маңызды мәселелерге тоқталған болатын.
Бүгінгі күні Сарыағаш ауданында бұл салаларға барынша көңіл бөлініп, тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев өңірдегі жол құрылысының талапқа сай салынуын өз бақылауына алған. Жақында ол Қабланбек ауылдық округінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысып қайтты.
- Мемлекет басшысы жол-көлік логистикасын дамытуға Жолдауында басымдық бергені мәлім. Бүгінгі күні аудандық мәндегі және ауыл ішілік автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайы тоқсан пайызды құрап отыр. Биыл аудандық бюджет есебінен ондаған жолға асфальт жабыны төселді. Әлі де жол құрылысы жұмыстары жалғасын табуда. Мәселен, Қабыланбек ауылдық округіндегі жол құрылысы жұмыстарын «Resource» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Серкктестік тарапынан Қабланбек ауылдық округіне қарасты Сіргелі елді мекенінің Т.Шынақұлов, А.Мамбетаев, А.Өміралиев, А.Жұбанов, А.Шоқыбайұлы көшелеріне, жалпы ұзындығы 2750 метрді құрайтын жол орта жөндеуден өткізілуде. Жол құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, - дейді аудан басшысы.
Сонымен қатар, аудан басшысы Қабланбек ауылдық округіне жұмыс сапары барысында ауылдық округ арқылы өтетін облыстық маңызы бар КХ-50 «Дербісек-Сарыағаш» автомобиль жолының 15+050 шақырымында жүргізіліп жатқан көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен де танысқан болатын. Онда қазіргі таңда, көпірді демонтаждау, қадаларды қағу және бетон құю жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Құркелес ауылдық округі, Еңкес елді мекеніне қарасты Рамадан және Шалқар көшелерінің жолы жөндеу көрген. «RRR GROUP 2018» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жалпы ұзындығы 3600 метрге асфальт жабындысы төселуде.
Жол құрылыс алаңында болған аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарын жоспарға сай мерзімінде және сапалы аяқтау қажет екенін атап өтіп, жолдың сапасын жөндеу біткен соң емес кемшіліктерді алдын ала анықтап, жою керектігін сонымен қатар, жолаушылар және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М. Доспуловқа жұмыс барысын қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Ал аудан орталығы Сарыағаш қаласындағы жалпы ұзындығы 2,2 шақырым жолдың 1 шақырымына шағал тас төселген. Сондай-ақ, қалаға қарасты 9 көшеге жалпы ұзындығы 6630 метр, ені 1,2 метрді құрайтын аяқ жол төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда Жангельдин көшесінде құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Ал, бұдан бөлек 16 көше бойы жарықтандырылған.
- Президент Жолдауында көтерілген газ құбырын жүргізу жұмыстары да ауданның даму жоспарына сәйкес атқарылуда. Мәселен, мемлекеттік маңызы бар «Дарбаза – Өзбекстан шекарасы» аралығына теміржол жол салу жобасының аясында жобалау- сметалық құжаттары дайындалуда. Жобаға сәйкес Ердәуіт елді мекенінде үш бағытта жұмыс атқаратын аумағы он теміржолдан астам 1 класс станциясын салу жоспарлануда. Осы ретте, аудан аумағында елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгінде, Ердәуіт елді мекенін газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары іске асырылуда, - дейді аудан әкімі
Газ құбырлары «Дарбаза – Өзбекстан шекарасы» бағытындағы теміржол салу станциясының «қабылдау-жіберу» жолдарының астына түсуде. Алдағы уақытта, аталған пункттен жүк вагондарын қабылдау кезінде, қолайсыздық және қауіптің алдын алу мақсатында аудан әкімінің орынбасары М. Байгабулов, «Қазақстан темір жолы ҰҚ АҚ» өкілдері және ауданның тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы аталған елді мекенге арнайы барып, газ құбырының құрылыс жобасын қайта қарау мәселесін талқылады.
Талқылау барысында мәселенің оң шешімін қарастыру мақсатында ұсыныстар айтылып, салаға жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктелді.