Түркістан облысына салынған инвестиция көлемі арта түскен
Мемлекет басшысы Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін, шаруаларға субсидия беру, қаржыландыра отырып ауыл шаруашылығын көтеру керектігін айтты.
Бүгінде Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласына инвестиция салуға ниет танытқан шетелдік компаниялардың қатары күн санап артуда. Оны өткен аптада Түркістанда өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форум жұмысы барысынан да байқаған болатынбыз.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, Түркістан облысында 2027 жылға дейін жүзеге асатын 145 инвест жобаның пулы қалыптасқан. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 миллиард теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сондай-ақ өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр.
- Президенттің тапсырмасына сәйкес, Түркістанда қазір өңірдің бар әлеуетін пайдаланып, дайын өнім шығаруға басымдық берілген. Осы мақсатта және өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту үшін аудан және қала әкімдіктері, бизнес өкілдерімен бірлесе Қытай Халық Республикасына іс-сапарлар ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде Қытай Халық Республикасының жаңа технологиясы және қытайлық инвесторлардың капиталымен бірқатар жобалар бастау алды. Ал өңір экономикасына шамамен 1,2 триллион теңге инвестиция бағытталады. Ірі жобалардың қатарында текстиль кластерін құру, күн және жел электростанциясының құрылысы сияқты ірі жобалар бар. Кешегі Түркі әлемінің туристік астанасында өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумында Қазақстан-Қытай арасындағы келіссөздер арқасында екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық арта түсті. Жалпы форумның аясында жалпы құны 301 миллиард теңгеден асатын 35 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл келісім аясында өңірде жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Айта кетейік, форум бизнес пен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Түркістан облысының халықаралық ынтымақтастықтағы стратегиялық маңыздылығын көрсетті, - дейді Зұлпыхар Жолдасов.
Бір атап өтерлігі, сол өткен халықаралық форумға келушілер назарына көрме ұсынылды. Онда инвесторларға Түркістан өңірінің қолөнері, туристік дестинациялары таныстырылып, таза табиғи ауыл шаруашылығы өнімдері көрсетілді. Сондай-ақ облыста жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар да таныстырылды.
- Форум аясында «Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталығы» тақырыбында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыстар өтті. Ол Халықаралық инвестициялық форумға Қытай Халық Республикасынан 120 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин осы күнге дейін бірнеше рет кездесіп, екі жақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойғаны белгілі. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығая түсуде. Соңғы 20 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 44 миллиард АҚШ долларын құрады. Түркістан облысы құрылғаннан бастап, Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 110 миллион АҚШ долларын құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылды. Түркістан облысының әлуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және барлық салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар ғимараттарды ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттар орнатылған шағын өнеркәсіптік парктер бар. Сол форумда облыс әкімі Дархан Сатыбалды шет ел инвесторларын өңірде инвестициялық бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.
Атап өтерлігі, Түркістан облысында негізгі каптиталға тартылған инвестиция көлемі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 972 миллиард теңгені құрап, триллионға жуықтаған. Бұл көрсеткіштер аймақта өндіріс пен өнеркәсіптің дамып жатқанын айғақтайды. Әрі өңірде былтыр өңдеу өнеркәсібінде 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылған.