Сауран ауданында бірнеше елді мекенге ауыз су мен көгілдір отын құбыры тартылуда

Oinet.kz 02-10-2024 12

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. 

Screenshot_57.jpg

Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі – халықты таза ауыз сумен және көгілдір отынмен қамту. 

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанның 30 жылдығы, А.Үсенов, Жүйнек, Қарашық, Нұртас және Шойтөбе елді мекендерінде таза ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған ауылдарда таза ауыз су бұған дейін өзекті мәселеге айналған еді. Өйткені, кейбір елді мекендерде кеңестік заманнан қалған ескі құбылар ескіріп, жарамсыз болып қалған. Міне, Президент тапсырмасы аясында талай жыл таза ауыз судан қиындық көріп келген елді мекен тұрғындары да ауыз судың игілігін көппен көргелі отыр.

- Президентіміз Жолдауында 2025 жылы елді мекендерді таза ауыз сумен қамту жұмыстарын аяқтауды тапсырған. Бүгінгі күні бұл бағытта ауданда атқарылған жұмыс көп. Биыл біршама жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, облыс әкімінің бастамасымен жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, ауыз су тапшылығы мәселесін жоюға жұмылдырылуда. Аймақ басшысының тікелей тапсырмасымен ескі құбырлар ағымдағы жөндеуден өткізілуде.

Бүгінде аудандағы 34 елді мекеннің 99,9 пайызы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта атқарған жұмыстардың арқасында 12 елді мекенде ауыз су қысымының деңгейі артып, уақытпен берілетін ауыз су жүйесі енді 24 сағат бойы үздіксіз беріледі. Аталған жобаның құрылыс жұмыстарын “TGL Kazakhstan” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Жыл соңында дейін ағамдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда, - дейді аудан әкімі. 

Сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан халқын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Өңірде 10 елді мекенге табиғи газ құбыры жүргізіліп, қамтамасыз ету деңгейі 31,4 пайызды құрап отыр. Жыл басында Бершінтөбе, Ибата елді мекендері табиғи газға қосылған. 

«Қарап отырсақ, жалпы елімізде газ өндіру тәуелсіздік жылдарында 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты. Президентіміз өзінің халыққа арнаған Жолдауларында бұл іс әрі қарайда өсе түсетіндігін алға тартып отыр. Осының аясында газбен қамтылмаған елді мекендерге газ желісі тартылуда. Мәселен, бүгінгі күні Жүйнек, Қарашық ауылдық округтерін газбен қамту бағытында магистральды және ішкі құбырларының құрылыс жұмыстары басталды», - дейді аудан басшысы Мақсат Таңғатаров.

Жуырда аудан әкімі жоғарыда аталған округтегі газ құбыры тартылып жатқан елді мекенге арнайы барып, тұрғындармен кездескен болатын. Сонда ауыл тұрғындары шынайы ризашылығын айтып, Мемлекет және облыс басшылығына алғыстарын білдірді. 

Сонымен мұндағы газ құбыры жұмысы қазан айында басталды. Енді оның игілігін округ тұрғындары алдағы жылы көретін болады. Ол газ құбырының жалпы ұзындығы 45,5 шақырымды құрайды. Жоба құны 5,3 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарын «Gas Energy Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда.

Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйлер модернизациядан өткізілуде
Түркістан облысына салынған инвестиция көлемі арта түскен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу