Түркістан облысында көлік-логистика саласы және жолдағы қауіпсіздік шаралары жақсара түскен
Президентіміз Жолдауында елімізде көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық екенін айтты. «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан.
Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз», дейді Президент жолдауында.
Мемлекет басшысы тапсырғанындай Түркістан облысында жол құрылысында оң серпін бар. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, аймақ бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 700 шақырымды құрайды. Оның ішінде724,6 шақырым республикалық маңызы бар жол санатында болса, облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 3991 шақырым, нормативтік жағдайы – 93 пайыз. Ал аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1726 шақырым. Оның да жағдайы алдыңғысымен шамалас. Елді мекендердің көшелерінің жалпы ұзындығы 11 258 шақырым. Олардың нормативтік жағдайы – 70 пайыз.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында көлік-логистикасын жақсартуды тапсырды. Осы тапсырма аясында биыл облыста автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінді. Оның 8,2 миллиард теңгесі республикалық, 21,1 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен, ал 11,5 миллиард теңгесі «Ауыл – ел бесігі» жобасынан қаралған. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 244 нысан немесе 1100,3 шақырым жол мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысы бойынша 149 нысан немесе 546,6 шақырым пайдалануға беріледі деп көзделген.
Облыстық маңызы бар жолдарға 20,3 миллиард теңге республикалық және облыстық бюджеттен бөлініп, 34 нысан немесе 368,1 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жыл қорытындысы бойынша 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда құрылыс жұмысы аяқталған 10 нысан (5 жол, 3 су өткізгіш құбыр, 1 көпір, 1 жарықтандыру нысаны) пайдалануға берілді, - дейді Зұлпыхар Жолдасов.
Ал аудандық маңызы бар жолдарға 2,7 миллиард теңге облыстық бюджеттен бөлініп, 19 нысан немесе 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен (8 нысан немесе 31 шақырым жол және 4 көпір пайдалануға беріледі) қамтылған. Елді мекен көшелеріне 17,8 миллиард теңге республикалық және облыстық бюджеттерден, сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бөлініп, 191 жоба немесе 630,6 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Бүгінгі күні 122 нысандағы жалпы ұзындығы 331,3 шақырым жол жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілген.
- Президент тапсырмасына сәйкес биыл жылдың қорытындысы бойынша облыста жалпы 194,6 шақырым жол пайдалануға беріліп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 93,7 пайызға жеткізу көзделген. Жол құрылысы бойынша атқарылып жатқан құрылыс нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы тапсырыс беруші, автор, техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТО филиалының тұрақты бақылауына алынған. 2024 жылы басқарма, аудан, қала әкімдіктері мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ арасында 268,9 миллион теңгеге келісімшарт жасалған. Осы жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 15 285,7 мың жолаушы тасымалданды, бұл 2023 жылғы қыркүйектегі жағдайға қарағанда 107,7 пайызды құрады, - дейді Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.