Түркістан облысында суармалы алқаптардың мелиоративтік жағдайы жақсарып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында жергілікті әкімдерге су ресурсын тиімді тапсырды.
«Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет. Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Нақты жұмысқа кірісу керек» деді Президент Жолдауында.
Бұл бағытта қолға алынған жұмыстар Түркістан облысында да баршылық. Атап айтар болсақ, Түркістан облысында 552 мың гектар суармалы алқап бар, бұл республикалық көрсеткіштің төрттен бір бөлігі. Осы тұрғыда өңірде су нысандары инфрақұрылымын дамыту бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып табылады. Қалай дегенмен, ағын суды тиімді пайдаланған жағдайда еліміздің нарығын сапалы азық-түлікпен қамту әлеуеті зор. Жалпы суармалы егістік жерлерден озық заманауи технологияларды енгізу арқылы кепілді жоғары өнім алуға болады.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, облыста ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4 180 канал, 42 су қоймасы, 1 256 қашыртқы, 1 794 ұңғыма бар. Орташа алғанда су нысандарының тозу деңгейі 80 пайызды құрайды. Су нысандарын салу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін облыстық «Тұран су» коммуналдық мекемесінің әлеуеті тиімді пайдаланыла бастады. Мекеме тарапынан облыстық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау нәтижесінде тозу көрсеткіші 80 пайыздан 10 пайызға төмендеген.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында суармалы егіс алқаптарының көлемін жыл сайын арттырып отыруды тапсырған болатын. Президенттің бұл тапсырмасы Түркістан облысында өңірдің даму жоспарына сәйкес атқарылуда. Бүгінгі күні аймақтағы су нысандарының құрылыстарын даму банктері қаржылары есебінен жүргізуде кешенді шаралар атқарылып жатыр. «Ислам даму банкімен» жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде «Тұран су» кәсіпорнын қаржыландыру мәселесі келісілді. Мемлекет басшысының жаңа бөгеттерді салу бойынша Үкімет алдына қойған міндеттері аясында «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймаларын салу жобалары әзірленді. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда «Бөген» су қоймасына қосымша 113 миллион текше метр ағын су жеткізіліп, Түркістан өңірінде ағын су мәселесі шешімін табатын болады, - дейді Нұрбол Тұрашбеков.
Бұдан бөлек, каналдар мен арықтарды тазалау мақсатында құны 756,4 миллион теңгеге 14 экскаватор кейіннен сатып алу тәртібімен жалға берілді. Соның нәтижесінде 714 шақырым канал, 387 шақырым қашыртқыны тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруда рентабельді дақылдарға өту жұмыстары атқарылуда. Суды көп тұтынатын дақылдар алқабы 18 мың гектарға қысқарды.
«Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиясын 216,3 мың гектарға енгізу қарастырылған. Оның ішінде, биыл 22 мың гектар жоспарланса, 7 айда 13,1 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Осының есебінен 8,1 мың гектар алқапқа тамшылатып, 5 мың гектар алқапты жаңбырлатып суару мүмкіндігіне ие болды. Су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру бағыттында 2 жергілікті кәсіпорын ашылуда. Оның бірі – жоба құны 4,1 миллиард теңгені құрайтын жылдық қуаты 1000 жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын «BNK Group LTD» зауытының құрылысы. Жыл соңына дейін қосымша құны 2 миллиард теңгені құрайтын «50 мың гектар алқапты тамшылатып суару өндірісі» іске қосылады. Екіншісі – «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асыратын тамшылатып суару жүйесі. Оның жалпы құны 600 миллион теңгені құрайды. Бұл кәсіпорынның жылдық қуаты 9 мың гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесін шығару. Өндірі биыл толық іске қосылады. Соның нәтижесінде алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен су үнемдеу технологияларымен облыс және көршілес өңірлер толық қамтамасыз етілетін боламыз», - дейді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының су үнемдеу технологиясын ендіру және өңірге инвестиция тарту бойынша тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «INNARI Innovation Nature Irrigation» компаниясының директоры Ян Фридельмен кездескен болатын. Топырақты ылғалдандыруға арналған құбыр өндірумен айналысатын неміс компаниясының басшысы өнімдермен таныстырып, ирригациялық мүмкіндіктерді тиімді жүзеге асыру жолдарын ұсынды.
«INNARI Innovation Nature Irrigation» өнімдері Қазақстан нарығында 2013-жылдан бері қолданыста. Компания Түркия, Сауд Арабиясы, Марокко, Испания, Оңтүстік Корея және Қытай елдерінде ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді.
Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, Түркістан облысында су үнемдеу технологиясын кеңінен қолдану тапсырмасы аясында бүгінге дейін 17,3 мың гектарға жаңа технологиялар ендірілген. Технологияның қол жетімділігін арттыру мақсатында жылына қуаттылығы 73 мың гектар алқапты қамтамасыз ету мүмкіндігі бар 3 зауыт іске қосылды. Бұл нарық бағасын 20 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Су үнемдеу технологияларын ендіру шығыстарының 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидиялануда. 2024 жылы 28 ауылшаруашылық кооперативіне 4673 гектарға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Ол кездесуде облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков шетел инвесторымен алдағы уақытта серіктестік байланысты нығайту жолында екі жақты нәтижелі шешімдер қабылданатынына сенім білдірді. Бұл келіссөздер де түркістан аймағының ағын су мәселесін шешуге өз септігін тигізеді деген сенімдеміз.