Түркістан облысында елді мекендерді таза ауыз сумен қамту 94,9 пайызға жеткізіледі

Oinet.kz 25-09-2024 13

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Үкімет пен жергілікті басшыларға елдегі инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажеттігін тапсырды. 

Screenshot_38.jpg

Соның ішінде елді мекендерді көгілдір отынмен және таза ауызсумен қамту мәселесі де бар. Бұл екі мәселе әлі де өз өзектілігін жойған жоқ.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, бүгінгі күні Түркістан облысында 807 елді мекеннің 737-сі (7 қала, 730 ауылдық елді мекен) немесе 91,3 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Қалған 70-і әлі де толықтай сумен қамтылмаған. Осы елді мекендерді 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген болатын.

- Президентіміз өзінің халыққа арнаған Жолдауларында қала мен елді мекендерді таза ауыз сумен қамту мәселесін еш назардан тыс қалдырмаған. Биылғы Жолдауында да инфрақұрылым мәселесіне көңіл бөліп, тиісті жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырды. Облыстың бас жоспарына сәйкес аймақта 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу, 29 елді мекенге (халық саны 200-ден аз, ҚМЖ жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз, шалғайда орналасқан) кешенді блок-модуль (КБМ) орнату қарастырылған. Биыл облыс аумағындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 63 нысанның құрылысына бюджеттен 15,5 миллиард теңге бөлінді. Осы жылы 33 нысан жұмысы аяқталады, қалған 30 нысанды 2025 жылы аяқтау көзделген. Соның нәтижесінде 12 елді мекен ауыз сумен қамтылады, ал тағы 12 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары жаңартылатын болады. Сонымен қатар 14 елді мекенге кешенді блок-модуль орнатылса, 3 елді мекенге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы 29 елді мекен ауыз сумен қамтылып, нәтижесінде 807 елді мекеннің 766-і (7 қала, 759 ауылдық елді мекен) немесе 94,9 пайызы ауыз сумен қамтылады. Қалған 41 елді мекенді 2025 жылы қамту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде, - дейді әкімнің бірінші орынбасары.

Бұдан бөлек, Түркістан облысының оңтүстігінде орналасқан Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал аудандарындағы 800 мыңға жуық халықты таза ауыз сумен қамту үшін Өгем өзенінен су тартуға стратегиялық маңызды жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Яғни, Өгем өзеніндегі ГЭС каскады бар топтық су құбырының құрылысын (72 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіру және 3,5 м3/сек) инвестицияларды тарту арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асыру көзделген. Жобаны іске асыру мерзімі 2025-2029 жылдар аралығына қойылған. Бірінші кезекте жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу қажет. Аталған техникалық-экономикалық негіздеме 2-кезеңнен тұрады.

1-кезеңінің техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) бойынша жалпы ұзындығы 42 шақырым топтық су құбырын (диаметрі – 1400 мм) жүргізу, оның ішінде 12,7 шақырымы туннель арқылы өтеді, №1-5 ГЭС каскадының (№1-2 ГЭС бөгет бойында және №3-5 ГЭС топтық су құбырының бойында орналасады) және Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылында көлемі 2800 текшеметр резервуар салу қарастырылған. Су беру қызметі Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылының учаскесіне дейін жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда ТЭН (1-кезең) жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынған. Жобаның жалпы құны – 191,7 миллиард теңге.

2-кезеңнің техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) бойынша жалпы ұзындығы 240 шақырым топтық су құбырын (диаметрі: 600-1400 мм) жүргізу, су айдау стансасы, көлемі 10-40 мың текшеметр резервуардың құрылысы, су тазартқыштардағы ауыстырып қосу камералары қарастырылған. Суды тасымалдау – Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандарының учаскелеріне дейін топтық су құбыры арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда ТЭН (2-кезең) жобалау жұмыстары басталды, ол 2025 жылға өтпелі. 

- Таза ауыз сумен қамту мақсатында өткен жылы қосымша 20 елді мекенге жаңадан таза ауыз су құбыры салынды. 10 ауылдың тозығы жеткен су жүйелері жаңартылды. Соның нәтижесінде ауыз сумен қамту деңгейі 88,8 пайызға жетті (739 елді мекен, 2 065 мың адам немесе 97,3%). Биыл 34 елді мекен қосылып, жоба толығымен іске асырылады. 768 елді мекеннің ішінде 29-ы жаңадан қосылды. Елді мекендерді таза ауыз сумен қамту Президентіміз тапсырғандай облыстың даму бас жоспарына сәйкес атқарыла беретін болады. Жалпы 2025 жылы қалған елдімекендерді таза ауыз суға қосып, жоспарды 100 пайызға жеткізетін боламыз, - дейді Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов. 

Түркістан облысында өнеркәсіп өнімінің көлемі артуда
Түркістан облысында суармалы алқаптардың мелиоративтік жағдайы жақсарып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу