Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы тұрақты өткізілуде

Oinet.kz 23-09-2024 14

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті» деп тапсырған болатын. 

Screenshot_32.jpg

Бүгінгі күні Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы өз жалғасын тауып келеді. Жыл соңына дейінгі бекітілген кестеге сәйкес аудан, қалаларда жалпы 624 ауқымды сенбілік өткізілді.  

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, облыс көлемінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер тұрақты өткізіліп келеді екен. Өткен аптаның ішінде 14 ауданның 35 елді мекенінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылған. Оған 3 мыңнан аса тұрғын қатысып, 67 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 40 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылған. Аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтары реттеліп, тазалау жұмыстары жүргізілген. 

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек» дейді. Міне, осы қасиетті ел санасына сіңіру бізге жүктелген міндет. Халқымызда «Тазалық – маулық кепілі» дегендей қоршаған ортамызды таза ұстау барша облыс тұрғындарының міндеті. Өткен аптада барлық, аудан, қала аумақтарында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған 30 мыңнан аса тұрғын атсалысып, 456 техника жұмылдырылды. Сенбілік барысында 790 ағаш отырғызылып, 200-ден аса аялдама ретке келтірілді.  Ішкі жол бойлары тазаланған. 

Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» акциясын ұйымдастыру бойынша аудан, қала әкімдерінің рейтингі әзірленді. Әкімдердің жұмысын бағалау барысында бірнеше критерийлер басшылыққа алынды. Нәтижесінде Түркістан қаласы және Бәйдібек, Мақтаарал, Жетісай, аудандарының көрсеткіштері жоғары деңгейді құраса, Сарыағаш, Шардара, Түлкібас аудандары және Арыс, Кентау қалалары орта деңгейдегі көрсеткіштерге қол жеткізді. Ал қалған аудандардың көрсеткіштері төмен деңгейде. Әдістеменің көмегімен аудандар мен қалалар әкімдерінің абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарының объективті бағалауға және өңірлердің дамуын ынталандыруға мүмкіндік туады, - дейді облыс әкімінің орынбасары. 

Бүгінде абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 25 мыңнан астам жеке тұрғын үй мен 15 мыңнан астам кәсіпкерлік объектісіне мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде мыңнан аса ескерту және 625 айыппұл салынған. Қағиданың сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Сондай-ақ 120 көппәтерлі тұрғын үйдің сыртқы келбеттерін ретке келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде 81 көппәтерлі тұрғын үйдің сыртқы келбеті ретке келтірілді. Жыл соңына дейін 39 көппәтерлі тұрғын үйдің сыртқы қасбеттері ретке келтірілмек. 

Айта кетейік, бүгінде аудан, қала әкімдіктері тарапынан елді мекендерді көгалдандыру бойынша ағаштар отырғызылатын орындар жоспарланып, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қараша айынан бастап ағаштарды отырғызу жұмыстары жоспарлануда. Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы облыс әкімінің тұрақты бақылауына алынған.  

Түркістандық шаруалар тамшылатып суарудың тиімділігін өнімінен көруде
Жетісай ауданында басымдық ауыл шаруашылығы, сауда, өнеркәсіп және құрылыс салаларына берілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу