Жетісай ауданында басымдық ауыл шаруашылығы, сауда, өнеркәсіп және құрылыс салаларына берілуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Президент тапсырмасына сәйкес өңірімізде де тиісті жұмыстар қолға алынған. Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, ауданның 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасы әзірленген.
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мақсатында алдымызда үлкен міндеттер тұр. Бүгінгі күні облыс әкімі Дархан Сатыбалды да алдағы міндет мақсаттарымызды, жұмыс бағытымызды Президент Жолдауына қарап айқындап берді. Аймақ басшысы өз кезегінде ауданды дамытуда барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек дейді. Елге нақты жобалар, өндіріс орындары қажет екенін айтқан облыс басшысы, ауданда суармалы жерді толық игеру, су үнемдеу технологияларын енгізу бағытын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырып, терең өңдеуге басымдық беруді жүктеген болатын. Бүгінгі күні аймақ басшысының тапсырмасына қарай жұмыстарды жүйелеп, ауданның даму жол картасына енгізіп отырмыз, - дейді аудан әкімі.
Жалпы Жетісай ауданындағы биылғы 9 айда атқарылған жұмыс барысына қарайтын болсақ, жалпы өңірлік өнім көлемі 112,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,2 пайызға артқан. «Жаңа дайындалған ауданның даму стратегиясында барлық көрсеткішті жақсарту көзделген. Жалпы өңірлік өнім көлемін 2030 жылға дейін 2,3 есе өсіріп, 387 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Оның ішінде өнеркәсіп өнім көлемін 19,3 миллиард теңгеден 38,5 миллиард теңгеге дейін, құрылыс көлемін 10,4 миллиард теңгеден 14,8 миллиард теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы өнімі көлемін 249,1 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2030 жылға дейін өнеркәсіп 2 есе, өңдеу өнеркәсібі 2 есе, құрылыс көлемі 1,4 есе, сауда 2,3 есе, ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 2,4 есе арттырылатын болады», дейді аудан әкімі.
Серік Мамытовтың айтуынша, ауданға соңғы 5 жылда 90,2 миллиард тенге инвестиция тартылса, 2024-2030 жылдар аралығында құны 115,2 миллиард теңге болатын 69 жобаны іске асырып, 4 683 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Нәтижесінде салық түсімі артып қана қоймай, негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 3,8 есе өседі. Өнеркәсіп саласында құны 63,2 миллиард теңге болатын 20 жоба іске асып, 2706 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, бюджетке бір миллиард 260 миллион теңге салықтық түсімдер түседі деп межеленген. Ауданда 50 гектар жер аумағына «Жетісай» индустриалды аймағын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда жер телімдерін мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, ауданды дамыту үшін негізінен ауыл шаруашылығы, сауда, өнеркәсіп және құрылыс саласы бағыттарына басымдық беріліп отыр. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жұмыстар жанданбақ.