Түркістан қаласында 260 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында, ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны халықты тұрғын үймен, таза ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтамасыз ету.
Бүгінгі таңда облысымызда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, бүгінгі күні Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде баспанаға мұқтаж 16 515 азамат тіркелген. Жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл облыс орталығында кезекте тұрған 222 отбасы арендалық баспанамен қамтамасыз етілген.
- Президентіміздің тапсырмасына сәйкес өңір тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Кеше, Республика күні мерекесінде Түркістан қаласында 260 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, азаматтарға баспана кілтін табыс етті. Аймақ басшысы баспана кілтін тапсыру сәтінде, түркістандықтарды Республика күнімен құттықтап, алдағы уақытта да халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстардың тоқтамайтынын айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар еш тоқтаусыз, жалғасатын болады. Дегенмен, біз алдағы уақытта да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындаған міндеттерді басшылыққа ала отырып жұмыс істейтін боламыз. Ал жоғарыда айтқан жұмыстар мен алдағы уақытта атқарылатын жобалардың барлығы да ел үшін атқарылатын болады, оның игілігін ел көреді, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Бүгінгі күні Түркістан қаласының «Отырар» секторы аумағында 20 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның ішінде 9 тұрғын үйді «Бастау» корпорациясы арқылы сатып алу жұмыстары жүргізіліп, кезекте тұрған азаматтарға үлестірілуде. Бүгін 3 тұрғын үй 123 көпбалалы отбасына, 129 халықтың «әлеуметтік жағынан әлсіз топтары» санатына енетін азаматтарға және 8 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға берілді.
Сонымен қатар жыл соңына дейін кезектегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 1728 пәтерлі 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.