Түркістан облысында интернет жылдамдығы артып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерді еселей түсуді тапсырды.
«Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұмысқа атсалысуға шақырамын» деді Президент.
Бүгінгі таңда облысымызда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын өнеркәсіп кәсіпорындарында өндіріске енгізу жұмыстары табысты жүзеге асырылуда. Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабековтың айтуынша, бұл бағдарламаны жүзеге асыру аймақта бес бағытта жүргізілуде. Атап айтсақ, экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке көшу, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту және инновациялық экожүйені құру.
- Түркістан облысының аумағында орналасқан елді мекендерді жоғары жылдамдықты үй жағдайындағы интернетпен қамту жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы саладағы жұмыстар мен мәселелер облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы өз сөзінде, «Біз тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және ауылдардың әлеуетін арттыру үшін бар мүмкіндікті қарастыруымыз керек. Әсіресе ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту қажет. Бұл экономикалық, білім беру, медициналық және ғылыми салалардың дамуына елеулі ықпал етеді деп санаймын. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлерде байланыс желілерін бірден орнатуды тапсырамын», деді Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бүгінгі таңда талапқа сай орындалуда, - дейді Марат Айнабеков.
Соңғы жылдары цифрлы трансформация дәуірі қарқынды дамып келеді. Көптеген ұйымдар бүгінде дәстүрлі бизнес үлгілерінің өзгеруін бастан өткеріп, цифрлы технологиялар көмегімен бәсекеге қабілетті болуға талпынуда. Мамандар өңдеу өнеркәсібін толық автоматтандыруға арналған заманауи технологияларды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданатын озық цифрлы инновациялық шешімдерді қолдану арқылы өндірістегі табысты арттырып, шығынды азайтуға мүмкіндік мол екенін айтады. Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабековтың айтуынша, өңірді ғаламтормен қамту бағытындағы жұмыстар мен мәселелер оң шешімін тауып келеді.
«Өңірдегі жалпы 807 елді мекеннің қазіргі таңда 415-і жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. Оның ішінде 305-і мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасымен жүзеге асты. «Қазақтелеком» тарапынан 177-сіне және «Транстелеком» тарапынан 128-іне оптика жүргізілген. Облыста интернет жылдамдығын арттыру, елді мекендер мен білім ұяларын сапалы ғаламтормен қамту жұмыстары жалғасады» дейді ол.