Арыс қаласында табиғи газдың игілігін ел көруде
Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында алдымызға үлкен мақсаттар қойып, бағытымызды айқындап беріп отыр. Бұл еліміздің орнықты дамуының, халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыра түседі деген зор сенім ұялатады. Осы үдеден шығып отырған өңіріміздегі мекеменің бірі – «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының Арыс өндірістік филиалы.
Республика күні қарсаңында арыстықтар көптен күткен қуанышқа кенелді. Қалада орналасқан ескі қазандықтардың орнына табиғи газбен жұмыс істейтін заманауи қондырғылар орнатылып, қала халқы жаңартылған жылу жүйесіне қосылды. Қала тұрғындарының бұл қуанышымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы келген еді. Ол қала басшысы Гүлжан Құрманбековамен бірге «Орталық қазандықтың» жұмыс барысымен танысты.
Жаңадан орнатылған қазандықтардың технологиялық процестері толығымен автоматтандырылған. Жобаның жалпы құны 513 миллион теңгені құрайды. Мұнда ART Boilers БМКГ-13957 модульдік қазандығы орнатылған. Ол табиғи газбен де, дизель отынымен де жұмыс істейді. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен қазандыққа дейін 4,7 шақырым газ құбыры тартылды.
Зұлпыхар Жолдасов бұл жобаның қаланың дамуына айтарлықтай үлес қосатынын және экологияға оң әсерін тигізетінін атап өтті. Жылу жүйесінің газға көшуі тұрғындарға қолайлы жағдай туғызатынын жеткізді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі – халықты кедергісіз көгілдір отынмен қамту. Жалпы елімізде газ өндіру тәуелсіздік жылдарында 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты. Президентіміз өзінің халыққа арнаған Жолдауларында бұл іс әрі қарайда өсе түсетіндігін алға тартып отыр, - дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.
Айта кетейік, «Арыс жылу» мекемесі арқылы қазіргі таңда 27 көпқабатты тұрғын үй (1229 абонент), 11 бюджеттік мекеме мен 10 коммерциялық ұйым жылумен қамтамасыз етіліп отыр.
Сондай-ақ мереке қарсаңында қала орталығындағы Әуесхан Салықбаев көшесінің тұрғындарына табиғи газ берілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары мен қала әкімі алғашқылардың бірі болып «көгілдір отынға» қосылған Тәлебиевтер әулетіне арнайы барып, ізгі тілектерін жеткізді.
Бүгінде экологиялық мәселелер өте маңызды екені белгілі. Мысалы, газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Мұның өзі Арыс қаласы мен Түркістан облысының аудандарының экологиясына қандай үлес қосатынын өздеріңіз-ақ бағамдай беріңіздер. Шындығына келсек, соңғы жылдары климаттың күрт өзгергенін байқауға болады. Оның себебі табиғатқа антропогендік жағдайлар әсер етіп жатыр. Табиғи газ – бұл көмір сутектерден тұратын ең экологиялық таза отын. Ал Қазақстанды газдандыру жұмыстары, соның ішінде жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге де оң септігін тигізбек.