Сарыағаш ауданына инвесторлар қызығушылық танытуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында: «Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық.
Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл –Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі», - деп атап өткен болатын. Осы мақсатта аудан әкімі Арман Абдуллаев ауданға инвестиция тарту мақсатында кәсіпкермен кездесті. Жиынға қала әкімі, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, жер қатынастары бөлімі, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі қатысты.
- Еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың барлығы да ел экономикасының әлеуетін арттыруға жұмылдырылған. Президентіміз Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, шетелдік инвестиция тарту арқылы отандық кәсіпорын қуатын арттыруды тапсырып отыр. «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатындай жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажет», дейді Мемлекет басшысы.
Мемлекет тарапынан қабылданған көптеген жобалар мен бағдарламалар бүгінгі таңда өз жалғасын табуда. Соның бірі «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы. Бұл ең алдымен өңірімізде қолға алынған жобалардың табысты жүзеге асуына жол ашқаны блгілі. Бағдарламаның басты мақсаты – кәсіпкерлерді қолдап, кәсіпорындардың әлеуетін арттыру болатын. Бағдарлама қаржылық қолдаудан басқа, инфрақұрылымды дамытуға да бағытталған. Осының аясында жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – ел экономикасын түбегейлі жаңа сапалы деңгейге көтеріп, шетелдік инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік берді, - дейді аудан әкімі.
Ең бастысы – сан тараптан инвестициялар тартылуымен сан салада баламасы жоқ бірегей кәсіпорындар бой көтеруі, жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңір жұртшылығының тұрмысы түзеліп, бақуаттана түсуіне өз септігін тигізуде. Сарыағаш жерінің бар байлығы ел игілігі еселенуіне – кәдеге жаратыла бастауы қуантады.
Кездесу барысында кәсіпкер Қ. Мықтыбаев аудан әкіміне аудан аумағынан тігін фабрикасын ашу бойынша жобасын таныстырып, жүзеге асыруға ниетті екендігін жеткізді.
Кәсіпкермен тілдескен аудан басшысы Арман Абдуллаев салаға жауапты аудан әкімінің орынбасарына сонымен қатар, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне тапсырмалар жүктеп, орындалу мерзімі бойынша баяндауды жүктеді.
Ауданға инвесторлар тартылып, жаңа нысандардың ашылуы аудан бюджетінің ұлғаюына алып келеді. Сонымен қатар, ашылған нысандарда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, жұмыссыз мәселесін шешуге де өз септігін тигізері анық.