Сарыағаш ауданында 3 медициналық, 1 спорт кешені ашылды
Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек», дейді.
Осылайша Президент денсаулық саласына алдымызда атқарылуы тиіс бағыттарды айқындап берді. Бүгінгі таңда Президент тапсырмасымен көптеген медициналық нысандар қайта жаңғыртудан өткізілуде. Мұндай жұмыстар Сарыағаш ауданында жоспарлы жүргізілуде.
Жуырда Сарыағаш ауданында 25 қазан – Республика күні» мерекесі қарсаңында үш бірдей жаңа медициналық нысан ашылған болатын. олардың ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев пен Түркістан облыстық мәслихат депутаттары А.Салимов пен Ж.Әбдібаевтар арнайы қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасқан еді.
Жаңа нысанның бірі Жаңатұрмыс елді мекенінде ашылды. 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарының игілігіне табысталды. Сондай-ақ Жемісті елді мекеніндегі заманауи үлгідегі дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанаты болып өтті. Олардың құрылыс жұмыстарын «Арко Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізілген.
Дәл осындай үлгідегі амбулатория Жемісті ауылдық округі Тың елді мекенінде де ашылды. Оның құрылыс жұмыстарын «Таймас Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, ел игілігіне пайдалануға берілді.
– Президентіміз Жолдауында медицина саласында білікті мамандардың тапшылығы – әлі де өзекті мәселе екенін айтты. Бұл мәселе сіздердің ауданда өң шешімін тапқанын бүгін көріп отырмыз. Сондай-ақ жаңа пайдалануға берілген медициналық нысандар уақыт талабына сай жабдықталып, барлық талаптан шығып отыр. Халықтың қуанышына ортақтасып, жаңа медицина нысандарының ашылуына қатысып қайттық. Ауыл тұрғындары алдағы уақытта да ол дәрігерлік амбулаторияның игілігін көреді, онда оларға сапалы да, білікті мамандар еңбек етіп, халық денсаулығына қызмет ететініне сенімдімін, – деді Түркістан облыстық мәслихат депутаты А.Салимов.
Атап өтерлігі, аталған медициналық нысандардың құрылыс жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүргізіліп, елді мекен тұрғындарының саулығын қамтамасыз ету үшін, медицина мамандарының бар білімі мен біліктілігін салуға мүмкіндік бергелі отыр. Аталған нысандар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылған. Оған қоса, дәрігерлік амбулаториялар тіс дәрігері, узи кабинеттері, зертханалық кабинеттер де қарастырылған.
Президентіміз: «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын», - деген еді Жолдауында. Президент айтқандай Сарыағаш ауданында спорт саласына да өз деңгейінде көңіл бөлінуде. Жергілікті бюджет есебінен ауданда ашық аспан астындағы және жабық спорт алаңшалары мен ойын алаңдары салынуда. Соның бірі – Дарбаза елді мекенінде ашылды. Жеке инвестор есебінен бой көтерген заманауи үлгідегі спорт нысаны 500 балаға арналған. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысаның ашылуымен құттықтады.
Жаңа спорт нысанында футбол алаңшасы, бокс, самбо, дзюдо, үстел теннисі, қазақ күресі, таеквондо, футбол, шахмат үйірмелеріне арналған залдар мен заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Айта кетейік, жиын барысында аудан әкімі самбо күресінен жуырда ғана Кипр мемлекетінде өткен Әлем чемпионы атанған Е. Ахатовты, Әскерилер арасында Өзбекстанда өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Хорватия мемлекеті, Загреб қаласында өткен Әлемдік Гранд При жарысының Чемпионы атанған Ш.Рахимовты, Греплингтен ҚР 2024 жылғы чемпионы, Филиппинде өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Д.Бөрібайды, сонымен қатар дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының үш дүркін жеңімпазы М.Серікбайды алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтар табыстады.