Түлкібас ауданында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың өніміне деген сұраныс артып келеді
«Ауыл аманаты» жобасының тиімді тұстары өте көп. Ең бастысы ауылда отырған шаруаға өте қолайлы. Мал басын арттырып, мал бордақылап, сиыр сауып, сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік бар.
Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовтың айтуынша, бүгінгі күні ауданда өткен жылы Мичурин ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашылған «Майлыкент сүт» өндірістік кооперативінің өнімдеріне сұраныс арта түскен.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Ауыл аманаты» жобасының тиімді тұрстарын атап өтті. «Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек» деген болатын. Президент айтқан үдеден біздің аудандағы Мичурин ауылдық округінің тұрғындары да шығып келеді. Ондағы өндіріс орынан экологиялық тұрғыда таза сары май, қоюландырып стерилизацияланған сүт, құрт, сүзбе, айран, қаймақ және ірімшік өнімдері ауданның сауда қатарларына жолданып, тұтынушылар тарапынан жоғары сұранысқа ие болуда, - дейді аудан әкімі.
Қазіргі таңда тәулігіне бір тоннадан астам сүт өндеп жатқан цехта 11 адам бір ауысымда жұмыс істеуде. Яғни, жоба аясында құрылған кооператив 11 адам жұмыспен қамтылған. Ендігі кезекте Оспанов Бақытжан есімді кәсіпкер кәсібін ұлғайтуды көздеп, цехтың жұмысын екі ауысым қылуды, одан бөлек, Грек жаңғағынан өнім шығаруды да жоспарлауда.
Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Пилоттық жоба бойынша несиелендіру өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары секілді 6 бағытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарламаның іске асырылуы тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жеке табысын ұлғайтуға, ауылдардағы мүлікті және бизнестің жаңа субъектілерін тіркеу арқылы 4-деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтуға, толық циклді қайта өңдеу өндірістерін құру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Ал Керейт ауылындағы «Арсен-Ас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәулігіне 30-35 тоннаға дейін бағбандардан алманың сақталуға келмейтін түрлерін жинап, одан шырын шығаруға аса қажетте 3,5 табиғи концентраттар өндіруде. Өнімді Алматы қаласы мен көршілес Қырғыз және Ресей елдеріне жолдауда. Аталған кәсіпорынға аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов және аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев арнайы барып, қазіргі таңдағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Кәсіпорынның басшылығымен сұқбаттасып, мемлекет тарапынан қолдау қажет болған жағдайда көмек беруге дайын екендіктерін жеткізді.
Айта кетерлік, толық автоматтандырылған өндіріс ошағында 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.