Төлеби ауданында еңбек адамдары құрметке ие
Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен сабатасып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Төлеби ауданында тиісті жұмыстар қолға алынған.
Төлеби адан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді негізгі азық түлік өнімімен қамтамасыз етудегі Үкіметтің алдына қойған тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы, Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы және еңбек өнімділігін арттыру бағытында өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2017 жылмен салыстырғанда кемінде 2,5 есеге арттыру жөнінде міндеттер жүктеліп, өңірлерге тапсырма беріліп, жұмыстар жүргізілуде екен.
- Төлеби ауданы – аграрлы аймақ. Таулы ауылдарда көктем кеш шығып, күз ерте түседі. Табиғи мүмкіндіктеріне орай, климаты ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Сөзіміздің дәлелі ауылшаруашылық саласының өнім көлемі 9 айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 38,3 миллиард теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 103,7 пайызды құрады. Негізгі капиталға 3 миллиард 743,8 миллион инвестиция, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталына 2 миллиард 59 миллион теңге инвестиция тартылды. Ауданда 2024 жылдың (үй іргелік жерді қоса есептегенде) өніміне егілген егіс көлемі – 65636 гектарды құрады. 22302 гектар астық дақылдарының түсімділігі 28 центнерден айналып, 60199 тонна өнім жиналды. Оның ішінде, 14957 гектар бидайдан 42543 тонна, 7240 гектар арпадан 17656 тонна, 5 гектар жүгеріден 6,5 тонна, 100 гектар ноқаттан 252 тонна өнім жиналды.
Сонымен қатар 10841 гектар майлы дақылдан 14959 тонна өнім жиналып отыр. Аудан шаруалары 10796 гектар аумаққа мақсары егіп, 14924 тонна, 45 гектар күнбағыстан 36 тонна өнім жинады. 456 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізіліп, 64 ауыл шаруашылық техникасы жаңартылды, - дейді Төлеби адан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев.
Сондай-ақ ауданда шағын мал бордақылау алаңдары мен құс фермасы, жанұялық сүт өндіру фермасы ашылып жұмыс істеуде. Мал шаруашылығы бойынша асыл тұқымды ірі қара мен қой басы ұлғайып межелер толығымен орындалған. Аудан аумағында балық шаруашылығымен 18 кәсіпкер айналысуда, оның ішінде (2 бірлік су қоймада) 5 шаруашылық биыл ашылған.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күзгі жиын теру жұмыстарын аяқтауына байланысты Төлеби аудандық Мәдениет үйінде өткізілген «Алтын күз – 2024» атты мерекелік іс-шарада жоғарыда айтылған жұмыстар кеңінен айтылды. Сондай-ақ ол шарада ауданның агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы жолында атқарған ерен еңбегіне орай сала мамандарына құрмет көрсетілді. Мерекелік жиында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев жыл көлемінде өз несібесін жерден терген, қажырлы еңбектерімен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының нығаюына қомақты үлес қосып келе жатқан шаруаларды құттықтап, «Алғыс хат», бағалы сыйлық табыс етті.
Тағы бір атап өтетін нәрсе, облыстық «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлер күні» кәсіби мерекесіне орай, «AGROFEST TURKISTAN-2024» іс-шарасында Төлеби ауданы мақсары өндіруден озат аудан номинациясымен, ал облыстық озат астық өндіруші номининациясына «Қазығұрт» өндірістік кооперативі ие болып марапатталды.
Мерекелік шарада техникалар көрмесі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі және Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде даму көрсеткіштерін орындауда алғашқы үштікке енген және негізгі капиталға инвестиция тартуда озат ауылдық округ әкімдері аудан әкімінің дипломымен марапатталды. Бұл күні ала жаздай ризық-несібесін жерден терген өңір диқандар құрметіне арналған салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.