Кентаулық ана мемлекеттің қолдауы аясында кәсіп ашып жұмыс істеуде

Oinet.kz 18-09-2024 20

Кентау қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жақсы көңіл бөлініп келеді. Атап айтар болсақ, Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды тапсырды.

Screenshot_86.jpg

«Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап» деді Президент. Яғни, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатында экономикалық «Бірыңғай кешенді бағдарлама» қолға алынды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты экономиканың түрлі секторларында бәсекеге қабілетті, шағын және орта, сондай-ақ импортты алмастыратын кәсіпорындарды дамытуға бағытталған. 

Кентау қалалық әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің өнеркәсіп және қазақстандық қамтуды дамыту бөлімі мамандарының айтуынша, бағдарлама аясында кәсіпкерлер несиенің сыйақы мөлшерлемесін төмендетіп, «Даму» қорының ішінара кепілдігін пайдалана алады. «Бірыңғай кешенді бағдарламасы» кәсіпкерлікті қолдауға арналған бұрынғы бағдарламаларды жетілдіре отырып кәсіпкерлерді несиелендіру бойынша жасалған бағдарлама. Бұл бүгінгі күні алты бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, ол «Микрокәсіпкерлік», «Шағын және орта кәсіпкерлік», «Өңдеу өнеркәсібі мен  қызмет көрсету саласындағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік», «Моно және шағын қалалар, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік», «Әлеуметтік кәсіпкерлік» және «Биржа арқылы» бағыттары бойынша қаржыландырылады» екен. Мемлекеттің осындай беріліп отырған қолдауына ие болған жанның бірі - Кентау қаласының тұрғыны Сымбат Анарбаева. Ол аналар мен балаларға массаж жасайтын орталығын ашқан. 

Кәсіпкер ана бұл бизнесін 5 жыл бұрын бастаған. Алайда қажет құралдары болмағасын, қызмет көрсету бағыты аз болған. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның арқасында грант иегері атанып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Қолдаудың арқасында жұмысын ұлғайтқан орталықта дисплазиядан арылуға, бұлшық ет кернеуін жеңілдетуге, жалпы денсаулықты нығайтуға, ұйқышылдықтан, апатиядан арылуға арналған жүрек тамыр жүйесін метаболизмді ынталандыратын массаж түрлерін жасайды.

Сымбат Анарбаева осы массаж жасау оқуын арнайы курстар оқып біліктілігін арттырған. Оған себеп өзі ерекше баланы тәрбиелеп отыр. Баласына уақытында қажет массаждарды жасау арқылы, өзгелерге де көмек беруде.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған әрбір Жолдауында елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға баса көңіл бөліп келеді. Жалпы елімізде шағын, біз сияқты кәсіпкерлерге беріліп жатқан мүмкіндік мол. Мен де сол мүмкіндігімді пайдаланып, өз кәсібімді ашып, жұмыс істеп, отбасымды асырап отырмын. Алдымызға қойға мақсатымыз да жоқ емес. Қалай дегенмен, өмірдің сынақтарына сабырлықпен қарап, оған күлімдеп қарасаң өмірдің тамаша сәттері өте көп. Өзім ерекше бала тәрбиелеп отырғасын, менің орталығымда міндетті түрде балаға массаж жасайтын қызмет көрсетілуі керек деп шештім. Мемлекеттік қолдаудың арқасында арманым орындалды, – дейді кәсіпкер.

Батыл да батыр ананың айтуынша, орталықта массаж жасайтын тәжірибесі мол мамандар айналысады. Ол мамандардың ішінде өзі де бар. Қазіргі таңда бұл орталықтың қызметіне сұраныс өте жоғары. Бүгінде аталмыш орталыққа балалар көптеп келуде. Болашақта басқа да емдеу түрлерін қосып ұлғайтуды мақсат етіп отыр.

Арыс қаласындағы мақта өңдеу зауыты жұмысшы санын 4 мыңға жеткізуді жоспарлауда
Төлеби ауданында еңбек адамдары құрметке ие
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу