Арыс қаласындағы мақта өңдеу зауыты жұмысшы санын 4 мыңға жеткізуді жоспарлауда

Oinet.kz 18-09-2024 17

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында көңіл бөлген саланың бірі ауыл шаруашылығы. «2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек.

Screenshot_85.jpg

Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш – 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім» дейді Президент Жолдауында. Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында және шағын және орта бизнесте ілгерілеу бар. Мәселен, Арыста мақта өндірісі жақсы жолға қойылып, өңдеу өнеркәсібі де жұмыс істей бастады. 

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, Түркістан өңірінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен мақта кластерін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған бастама аясында Арыс қаласында мақта өнімділігі мен сапасын ұлғайту жұмыстары қолға алынып, биыл су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 1,2 мың гектар алқапқа элиталы сортты мақта орналастырылған.  

- Президентіміз Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін, шаруаларға субсидия беру, қаржыландыра отырып ауыл шаруашылығын көтеру керектігін айтты. Бүгінде Арыста шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетуде. Инновациялық әдіс, шаруалар мен инвесторлардың оң бағасын алды. Мақта алқаптарына қолданылған су үнемдеу технологиясы суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалана отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш байырғы тәсілмен салыстырғанда екі жарым есеге жоғары. Шаруалардың айтуынша, жаңа технологияның арқасында қоза көсегі толықтай ашылған. Сондай-ақ, алғашқы көрсеткіш өте жақсы болып отыр, - дейді.

Өңірдегі мақта өндірісімен айналысып отырған ірі агроқұрылымның бірі - «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Осы серіктестіктің мақта алқабына арнайы барып, диқандармен және шетелдік инвесторлармен кездескен қала әкімі Гүлжан Құрманбеков шаруаның жағдайымен жақынырек танысуға мүмкіндік алды. Онымен бірге барған қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер, шаруалар және халық қалаулылары да елмен етене еркін форматта әңгіме дүкен құрған еді. Кездесудің мақсаты – мақта шаруашылығын одан әрі дамыту және ауыл шаруашылығы секторына салынған жаңа шетелдік технологиялармен танысу болды. 

Әкім кездесу барысында жаңа жұмыс орындарын құру, оның ішінде жергілікті арыстық азаматтарды бірінші кезекте жұмысқа тарту мәселесіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне көңіл бөлді. Оның ішінде жатын орын, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз ету және санитарлық талаптардың қатаң сақталуы – негізгі міндеттер екенін баса айтты. 

Өз кезегінде, компания өкілдері келешекке үлкен жоспарлар қойып отырғандығын жеткізіп, жұмыс істеймін деген азаматтарға мүмкіндіктер мол екендігін жеткізді. Қазіргі таңда мұнда 200-ге жуық жергілікті азамат еңбек етуде. Олардың айтуынша, мұнда қарапайым жұмысшылардың ең төменгі жалақысы 300 мың теңгеден басталады, және біліктілігіне қарай жалақы жоғарылай береді. Сонымен қатар келесі көктемде егістік маусымына тағы 800-1000 жұмысшы қабылданады деп жоспарлануда. Бұл жергілікті халық үшін үлкен мүмкіндік, өйткені тұрақты жұмыс орындары ашылып, табыс табу мүмкіндігі артады. 

Компания өкілдері қазірдің өзінде қарапайым жұмысшыдан бастап, құрылысшылар, тиеуіш (погрузчик), кран айдаушылар қажет екендігін, жұмыс істеймін деген азаматтарға бос жұмыс орындары бар екенін жеткізді. 

Осыны ескерген шаһар басшысы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен компания арасында меморандум түзіп, жұмысшыларды осы орталық арқылы жұмысқа тарту бойынша тапсырма берді.

Айта кетейік, Арыс қаласында шетелдік инвесторлармен бірлескен мақтаны терең өңдеу көпсалалы кешені кәсіпорындарын құрып, дайын өнімді экспортқа шығару жоспарлануда. Нәтижесінде жоғары сапалы шикізатты өсіруден бастап, жұқа матадан жасалған киімдер мен жоғары сапалы үй тоқыма бұйымдарын өңдеу мен өндіруге дейін өндірістің толық циклін құруды қамтамасыз етеді. Кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, иіру, тоқу фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауыттарды пайдалануға бере отырып, кәсіпорын 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Нәтижесінде елімізді – жоғары сапалы мата және тоқыма өнімдерімен қамтамасыз ету көзделген.   

Түркістан облысында алдағы жылы туристер санын 2,5 есеге арттыру көзделуде
Кентаулық ана мемлекеттің қолдауы аясында кәсіп ашып жұмыс істеуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу