Сарыағаш ауданында Президент тапсырмасы аясында екі мектеп салынуда

Oinet.kz 15-09-2024 15

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында білім саласына баса мән бере отырып, елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 500-ден аса жаңа мектеп салынатындығын айтты.

Screenshot_78.jpg

Жалпы жоба шеңберінде Түркістан облысында 63 білім ошағын салу жоспарланса, биыл 29 мектеп құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі Сарыағаш ауданындағы Дербісек және Жаскешу елді мекендерінде салынуда. 

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша қос елдімекенде де 900 орындық мектеп құрылысы құрылыс талаптарына сай жүргізілуде екен. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында еліміздегі үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесін шешу бағытында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептердің жобасы әзірленген болатын. Жоба шеңберінде заманауи мектеп ғимаратының құрылысы жүргізіліп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайту көзделген. Жалпы Түркістан облысында «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары 63 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп, 1500 орындық 4 мектеп, 2000 орындық 2 мектеп бар екен. Осы мектептерді салу арқылы аймақта 49 мың оқушыға мектептен орын дайындалады. Ал биыл 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Олардың басы биылғы оқу жылында пайдалануға беріліп те жатыр. Қалған 34 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, 2025 жылы аяқталады. «Ұлттық жоба» аясында облыстағы апатты 8 мектептің үшеуінің, үш ауысымға өту қаупі бар 21 мектептің 14-нің мәселесі шешіледі деседі. Дегенмен аталған жоба аясында Сарыағаш ауданында жаңадан 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Дербісек елді мекенінде – 900 орындық, КЖаскешу ауылында – 900 орындық жаңа мектептердің жобалары ұсынылып, құрылыс жұмыстары басталып кетті  биыл, - дейді аудан әкімі.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев жоғарыда аталған Дербісек және Жаскешу елді мекендерінде салынып жатқан «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарын үнемі қарап, бақылап отыр. Кеше ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен арнайы танысқан аудан әкімі алдымен Дербісек ауылдық округі Дербісек елді мекенінде орналасқан «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарының барысын бақылап көрді. 

Бүгінгі күні Дербісек елді мекеніндегі 900 орындық мектеп ғимаратында ішкі әрлеу, сантехникалық жүйені орнату және электр сымдарын тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, нысанның шатырын жабу жұмыстары басталып, кіреберіс бөлігіндегі тепшектері құйылуда. Жалпы құрылыс жұмыстарына 200-ден астам  адам жұмылдырылған.

Ал Қызылжар ауылдық округіндегі Жаскешу елді мекеніндегі 900 орындық «Жайлы мектептің » құрылыс жұмысы да қарқынды жүргізілуде. Бүгінде нысанның ішкі әрлеу, шатырын жабу жұмыстары басталып, сыртқы қоршауларына бетон құю, сыртқы жер бедерін тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанның сыртқы кәріз және  жылу жүйесін орнату жұмыстары атқарылуда. Жалпы нысанда 132 құрылысшы құрылысшы еңбек етуде. 

Атқарылған құрылыс жұмыстарын бақылаған аудан басшысы жұмыс қарқынын күшейте отырып, мерзіміне сәйкес аяқтау қажет  екендігін  ескертті, сондай-ақ, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің  басшысы Е. Қосмұратовқа  бақылауды күшейтуді тапсырды.

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының сәтті дамуына серпін беріп отырған жетекші сала
Түркістан облысында жыл соңына дейін 559,6 шақырым жол жаңғыртудан өткізіліп, пайдалануға беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу