Қазығұрт ауданының экономикалық әлеуеті артып келеді

Oinet.kz 15-09-2024 16

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Screenshot_76.jpg

Президент тапсырмасына сәйкес өңірімізде де тиісті жұмыстар қолға алынған. Қазығұрт ауданының әкімі Әзизхан Исмаиловтың айтуынша, ауданның 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасы әзірленген. 

Ауданды дамыту үшін ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бағытында жұмыс атқарылмақ. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге басым бағыт берілмек. 

– Президент Жолдауында ауыл шаруашылығы салаларын дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіп өндірісін арттыру сынды маңызды салалардың бағытын айқындап берді. Бүгінгі күні Қазығұрт ауданында өнеркәсіпті арттырып, ауыл шаруашылығын дамыту күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. Ауданның табиғатына сәйкес аймақ басшысы Дархан Сатыбалды табиғаты қолайлы өңірде қарқынды бауды дамытып, жүзім шаруашылығын қолға алу керектігін айтып отыр. Облыс әкімі айтқандай тұтас бір ауылды гүл егетін етіп дамытуға болады. Емдік туризм үшін де қолайлы аймақ. Жалпы халықтың жағдайын жақсартуға, жұмыс орындарын ашуға күш салудамыз, – деді аудан басшысы.  

Ауданға тартылатын инвестиция көлемі де жыл сайын артып келеді екен. Аудан әкімінің айтуынша, 2025-2030 жылдар аралығында құны 55,1 миллиард теңгені құрайтын 45 жобаны іске асырып, 1 364 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, тамақтану және сауда салаларында жүзеге асыру көзделген. Ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту үшін, 35 гектар жер аумағына «Қазығұрт» индустриалды аймағы құрылып, кәсіпкерлерге жағдай жасалуда. Алдағы жылдары 26,4 миллиард теңгеге 12 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. 

«Бұдан бөлек, өнеркәсіп саласында құбыр, гидротурбина, керамикалық өнім, бұрғылау қондырғыларын жасап шығаратын, мал қалдықтарын өңдеу секілді жаңа жобаларды іске асыру межеленіп отыр. Ауыл шаруашылығы саласында сүт фермалары, мал сою цехы және мал бордақылау алаңдары, балық шаруашылығы, жылыжай жобаларын жүзеге асыру, өнім сақтау қоймасын салу көзделген. Ауданның ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнімі көлемін арттыру үшін Тұрбат ауылында 60 гектар жер аумағына «Тұрбат агроиндустриалды аймағы құру жоспарлануда. Аталған аймақта 3,8 миллиард теңгеге жылыжайлар бой көтеріп, 416 адам жұмыспен қамту жоспарланып отыр», дейді алдағы жоспарымен бөліскен аудан әкімі Әзизхан Исмаилов.

Түркістан облысында 4 миллион ағаш отырғызу жоспарланды
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының сәтті дамуына серпін беріп отырған жетекші сала
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу