Түркістан облысында 4 миллион ағаш отырғызу жоспарланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе.
Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», деп атап көрсеткен еді. Президент сондай-ақ бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасы өңірде кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Осы ретте Түркістан облысында биыл 4 миллион ағаш отырғызу жоспарланған.
Елімізде орман қоры небәрі төрт-ақ пайызды құраса, орман алқабы алты миллион гектардан аспайды. Ал оның дені Түркістан облысында орналасқан. Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 3 миллион 131 гектар, оның 50 пайызы орман ағаштары көмкерген.
Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиевтің айтуынша, Президенттің тапсырмасына сәйкес 5 жыл ішінде Түркістан облысында орман қорына тиесілі 110 210 гектар алқапқа 170 миллион көшет отырғызу бойынша кешенді жоспар бекітілген. Осы ретте өткен жылы 16 200 гектар жерге 23 818 мың дана ағаш егу және себу жұмыстары толығымен атқарылған. Биыл Түркістан облысындағы орман алқабының 20 300 гектар жеріне 32 миллионнан аса көшет отырғызылған. Сондай-ақ аудан, қала әкімдіктері көгалдандыруға қажетті көшеттермен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ, басқармаға қарасты орман шаруашылығының тұқымбақтарында өсірілген көшеттер күз-көктем айларында межелі жерге жеткізіліп жатыр. Ал елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді орналастыру, күтіп-баптау, қала, аудан әкімдеріне тапсырылған.
- Мемлекет басшысының 15 миллион көшет отырғызу тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары Түркістан облысында 1,1 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Осыған орай, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген болатын. Бүгінде аталған іс-шара аясында өңіріміздегі 800-ден астам елді мекеннің шамамен 90 пайызын көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу жоспарланып отыр. Облыстың елді мекендерін көгалдандыру жоспарына сәйкес, 2022-2024 жылдар аралығында 1 миллион 832 мың түп көшет отырғызылды. Оның ішінде, Түркістан қаласына 512 мың түп көшет отырғызуға берілген болатын. Бүгінгі күнге жоспар 46 пайызға орындалды, - дейді Қайрат Әбдуәлиев.
Биыл күзгі көшет отырғызу науқаны аудан, қалалардың ауа райына қарай қараша айынан басталады деп күтілуде. Басқарма басшысының айтуынша, аудан, қалалардың сұраныстарына сәйкес, 516 мың түп көшет отырғызу жоспарлануда. Көгалдандыруға Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында өсіріліп жатқан 26 түрлі көшет түрі қолданылмақ. Аталған көшет түрлерінің барлығы облыстың климаттық жағдайына бейімделген.
Сонымен қатар облыс әкімінің елді мекендерге гүлді өсімдіктерді көптеп отырғызу тапсырмасына сәйкес, елді мекендерге биыл 50 мың түп, 2025 жылы 150 мың түп раушан гүлдері мен қылқан жапырақты көшеттер отырғызу жоспарлануда.