Кентау қаласында «Мансап» орталығы арқылы жұмысқа орналасқандар қатары артқан
Бүгінгі таңда мемлекетіміздің әлеуметтік саясатын, соның ішінде Президенттің Жолдауындағы әлеуметтік мәселелерді іске асыру Кентау қаласындағы «Мансап» орталығы тарапынан негізгі үш бағытта жүзеге асырылуда.
Олар: халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға жәрдемақылар төлеу, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету. Мемлекетіміздің ең пәрменді әлеуметтік саясаты өнімді еңбекке ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын жасақтау болып табылатындықтан, Президенттің Жолдауларында халықты тұрлаулы жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп келеді. Бір атап өтерлігі, мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ғана ала алады.
Елімізде «Әлеуметтік кодекс» өз күшіне енгеннен кейін жұмыс күшіне байланысты сұраныс пен ұсынысты талдап, еңбек мобильділігін қамтамасыз етіп отыратын орталықтар ашылды. Яғни, бұған дейін жұмыс істеп келген халықты жұмыспен қамту орталықтары «Мансап» орталығы болып қайта құрылды.
Кентау қалалық «Мансап» орталығының директоры Жақсылық Қайдауловтың айтуынша, орталық ең алдымен жұмыссыз жүрген азаматтарды есепке тіркейді. Сонымен қатар, жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздардың тұрақты жұмысқа орналасуына жәрдем көрсетеді, уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізеді. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін өткізіп, халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады.
Жалпы қоғам үшін мұндай бастамалардың пайдасы өте көп. Айталық, бүгінде қоғамдық жұмыстар бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Олар қоғамдық бірлестіктерге барып, белсенді жұмыс істеуде. Қиын жағдайға тап болған азаматтар, сол сияқты жазасын өтеп келгендер де бірінші кезекте осы орталықтың көмегіне жүгінеді екен.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында алдымызда атқарылатын жұмыстардың негізгі бағытын айқындап берді. Онда қол жеткізген жетістіктеріміз бен шешілуі тиіс мәселелердің бірде-бірі ұмыт қалмаған, қоғамды толғандырып жүрген жағдайлардың барлығының жөн-жобасы айқындалып, оларды оңтайлы шешудің жолдары көрсетілген. Президентіміз экономикамыздың барлық саласын қамти отырып, әр салада атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді. Соның ішінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласы бойынша да біз өзімізге бекітілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарып келеміз. Бүгінгі таңда мемлекеттік грант алған қала тұрғындарының ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтармен қатар, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айрылған, атаулы әлеуметтік көмек алып отырған азаматтар бар. Қайтарымсыз грант алған азаматтар бүгінгі таңда кәсібін дөңгелетіп, ісінің аясын кеңетуге осылайша мүмкіндік алды, - дейді Жақсылық Қайдаулов.
Жалпы Кентау қаласында 2024 жылдың 9 айында 2 217 адам жұмыспен қамтылған. Оның 911-і тұрақты жұмыс орнына орналасса, 1306 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. Қала тұрғындарының 148-і әлеуметтік жұмыс орындарында, 304 азамат жастар практикасында, 659 адам қоғамдық жұмыстарда тер төгіп жүр. Сонымен қатар, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 90 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 105 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, жеке бастамалар аясында «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орны» бойынша 755 жаңа жұмыс орындары ашылған.
«Биыл бос жұмыс орындары жәрмеңкесін 4 рет ұйымдастырдық. Жұмыс беруші мен жұмыссыз жүрген адамдар осы жәрмеңкеге келіп, жұмыс берушімен тікелей сөйлесіп, «екі қолға бір күрек» табуға мүмкіндік алды. Кентау қалалық пробация қызметі бөлімінің ұсынған пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру органдарынан босатылған 16 азамат Кентау қалалық «Мансап» орталығына ресми жұмыссыз ретінде есепке тіркелді. Оның ішінде «Ұлттық жоба» аясында жұмыспен қамту шараларына 5 азамат тартылды. Сонымен қатар, Кентау қаласы әкімдігінің 2022 жылғы № 612 қаулысы «2023 жылға арналған пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру туралы» квотаға сәйкес 1 азамат «Кентау сервис» МКК, 2 адам «Жасыл қала» МКК жұмысқа орналасты. Бос ваканция бойынша 7 адам жұмысқа жіберілді», - деді Жақсылық Қайдаулов.
Сондай-ақ қала тұрғындарының «Бастау Бизнес» жобасына да қызығушылығы жыл санап артып келеді. Биыл жоба аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 248 адам қамтылып, оның ішінде 199 адам оқуды аяқтап, сертификаттар алған. Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін осы жылдың басынан халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі (1 476 800 теңге) мөлшерде 81 грант берілген.