Түркістан қаласында жоба аясында салынған жаңа мектеп пайдалануға берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 500-ден аса мектеп салу жоспарланған.
Оның ішінде Түркістан облысында 63 мектеп салу көзделген. Бүгінгі күні Президент Жолдауында тапсырылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 29 мектеп салынуда. Оған қоса облыстық бюджеттен және арнайы қордың қаржы көздерінен 20 мектеп пен 1 музыкалық мектеп бой көтеруде. Оның ішінде төрт білім ошағы Республика күні қарсаңында ел игілігіне тапсырылып үлгерді. Қалған мектептердің құрылысы жүріп жатыр.
Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевтың айтуынша, биыл аймақта 14 білім нысаны тапсырылса, 7 мектептің құрылысы өтпелі болғандықтан алдағы жылы тапсыру жоспарланған. Түрлі жобалар мен қаржыландыру көздері есебінен екі жылда 50 білім нысаны пайдалануға берілгенде өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешімін таппақ.
Республика күні қарсаңында сол мектептің бірі Түркістан қаласында ашылды. 2000 орындық мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды да қатысып, түркістандықтарды құттықтаған еді. «Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Биыл облысымызда жалпы 17 800 орынды құрайтын 29 жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгін Республика күні қарсаңында оның алғашқысын ашып отырмыз. Сіздердің мектептеріңіз жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл – даму мен оқу үшін тамаша жағдайлар жасалған орын. Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Олардың оқуда озат болып, қоғамның барлық саласында биік белестерді бағындыруына тілектеспін. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын!», – деген еді сол жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы.
Бүгінгі күні мемлекет тарапынан оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Оның ішінде Түркістан өңірінде ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Түркістан қаласында жаңа тапсырылған алып білім ұясы қаладағы 2 мектептегі жүктемені азайтуға мүмкіндік бермек. Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевтың айтуынша, бірінші кезекте мұнда №28 мектеп-лицейінің оқушылары көшіп келді. Ал 66 мұғалім ауысу тәртібімен, 7 педагог конкурстық тәртіппен жаңа білім ошағына қабылданған. Оқушы санының толығуына қарай өзге де ұстаздар конкурстық рәсіммен қабылдау жүргізілмек. Білікті ұстаздар арнайы іріктелген. Бұдан бөлек, қаржы, шаруашылық қызметкерлері жұмысқа алынған.
Ал Түркістан қаласының Жаңа қала аумағында салынған 4 қабатты білім ордасындағы физика, химия, биология және робототехника кабинеттері заманауи жабдықтармен жабдықталған. Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін мектепте спорт залдары, шеберлік залдары, зертханалар мен демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жекелеген блоктарда оқиды. Балалардың жас ерекшелігіне орай блоктардың әрқайсысы оқу сыныптарымен, санитарлық тораптармен, спорт залдарымен және жекешелеген кішкене шкафтармен қамтылған. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін инклюзивті кабинеттер, пандустар, жедел сатылар, арнайы бейімделген әжетханалар салынған.
- Түркістан өңірінде білім саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау мақсатында облыс басшылығы барлық қажетті шараларды қабылдауда. Соның ішінде білім ошақтарының аумағы мен ғимарат ішінде оқушылардың қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету басты міндеттер қатарында. Биылғы жылдың өзінде мектептер бейнебақылау, дабыл жүйелерімен қамтылып, полицияның жедел басқару орталығымен интеграцияланды, - дейді Ғалымжан Жұмашев.