Түркістан облысы ет экспорты бойынша көш бастап тұр
Мал етінің экспортқа шығарылуына бірден-бір қозғау салған ол – ауыл шаруашылығы саласында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың жемісі.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің көптеп құрылуы да сүт және ет өнімдерінің шет мемлекетке көптеп шығарылуына өз септігін тигізіп отырғаны анық. Оған «Ауыл Аманаты» жобасын қосыңыз. Бұл қанатқақты жобаның да мал өнімдерін арттыруға қосып отырған үлесі зор.
Аталған бағдарламалар мен жобалардың есебінен Түркістан облысында мал басының артып, бүгінде ет экспорты жандана түскенін көріп отырмыз. Бұған дейін ет бізге шет мемлекеттерден келетін болса, енді біз оларға шығаратын әлеуетке ие бола бастадық. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспановтың айтуынша, еліміздегі мүйізді ірі қара мал санының 13, қойдың 22, жылқының 11, түйенің 15 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Мал басының өсуі ет пен сүт өндірісінің оң динамикасына септігін тигізген. Атап айтсақ, еліміздегі өндірілген еттің 11 пайызы, сүттің 13 пайызы тағы да Түркістан облысының еншісінде. Сонымен облыстағы мал шаруашылығының дамуы елімізде жетекші орында тұр.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын. Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар көңіл толарлықтай. Мәселен, тоғыз айда облыста 153,2 мың тонна ет, 354,8 мың тонна сүт, 190,2 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Ет экспорты бойынша облыс республикада көш бастап тұр. Экспортқа шығарылатын мүйізді ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің – 75 пайызы Түркістан облысында өндірілген. Жалпы экспортқа 9 айда 10 мың тонна мүйізді ірі қара, 4,6 мың тонна қой еті экспортталды, - дейді Тұрғанбек Үсенбекұлы.
Ет экспортының әлеуетін арттыруда өңірде бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту оңды септігін тигізуде. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, аймақта жалпы 9183 ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Оның ішінде, 400 басқа дейін 9148, 400 бастан – 1000 басқа дейін 13, ал 1000 бастан жоғары 22 мал бордақылау алаңдары жұмыс істеуде.
Сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесімен жалпы құны 4,8 миллиард теңгені құрайтын 400 бастан жоғары 2 ірі тауарлы сүт фермасы инвестициялық жобалары жүзеге асырылған (809 бас). Бұл жобаларды қолдауға республикалық бюджеттен жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемемен 3,8 миллиард теңге несие қаржы бөлінген. Бұл қаржылар «БНК АГРО KZ» пен «Бөрте Милка» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы таратылуда.
Жобалар Түркиялық «Sezer», Швециялық «De-Ieval» автоматты технологиялық қондырғыларымен жабдықталады. Бүгінгі күнге, Дания, Венгрия мемлекеттерінен өнімділігі жоғары Гольштейн тұқымды 539 бас сиыр әкелінген. Осы жобалар арқылы жылына қосымша 8,5 мың тонна сүт өндіру жоспарланған.
- Нарықты отандық өнімдермен толықтыруда ірі инвестициялық жобалардың маңыздылығы жоғары. Тоғыз айда құны 28,1 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылып, 194 жаңа жұмыс орны құрылды. Мал шаруашылығын дамытуда инвесторлар қой және мүйізді ірі қара етінің жаһандық топ-өндірушілерінің бестігіне кіретін, әлемнің ең ірі экспорттаушысы Австралия әдісін пайдалануға ниетті. Австралия тәжірибесін енгізу мақсатында, жалпы құны 55,2 миллиард теңгеге 5 ірі инвестицялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. 600 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде», - дейді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов.