Түркістан облысында жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыруға басымдық берілуде

Oinet.kz 13-09-2024 15

Бүгінгі күні кәсіптік білім беру саласына айрықша көңіл бөлінуде. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. 

Screenshot_70.jpg

Міне, Түркістан облысында кәсіптік білім саласына бөлініп отырған көңіл осыны аңғартса керекті. 

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, Түркістан облысында 50 колледж бар. Оның 28-і мемлекеттік болса, 22-сі жекеменшік. Оқу орындарында 75 мамандық бойынша 45 мыңнан астам студент білім алуда. Колледж қызметін бағалау 12 критерий, ал рейтингі 3 бағытқа сәйкес тұрақты жүргізіліп келеді. PISA-2023 халықаралық зерттеу нәтижесінде 2 колледждің балы анықталса, 2024-2025 оқу жылында 4 колледж қатысады. Осы жылы директорлар мен әдіскерлер Франция елінде, Қазақстанда Ақмола облысында тәжірибеден өтті. Алдағы уақытта Қытай және Өзбекстан елдерінде іссапарлары жоспарлануда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам» деген Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын ұсынды. «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деген Президент Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды тапсырды. Осыған орай жуырда Түркістан қаласында колледждердің жұмысшы мамандықтарын даярлауға бағытталған талқылау Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Оған облыстық білім басқармасының жауапты тұлғалары, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің директорлары қатысты.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Президентіміз биылғы Жолдауында кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алуы керектігін айтты. Сондай-ақ техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау арқылы жұмысшы мамандықтарына басымдық беру тапсырылды. Біз бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды пысықтап, мәселелерді ашық ортаға салу үшін жиналдық. Проблемалардың шешу жолдарын бірге қарастырамыз. Сіздердің ұсыныстарыңыз ескерусіз қалмайды. Бұған дейін инфрақұрылымды ретке келтіру, қауіпсіздікті күшейту шараларын жүйеледік. Заң бұзушылық әрекеттерге тосқауыл қойдық. Облыс колледжеріне бөлінген 15 500 гранттың игілігін жастар көруі үшін насихатын күшейтіп, оқуға қабылдауды іске асырдық. Ендігі кезекте стратегиялық бағыттан айнымай, жұмысшы маманықтардың мәртебесін арттыруға басымдық беріп, жаңашыл әрі тың бастамалармен жүзеге асыруымыз қажет. 

Оқу бағдарламасында заманауи технологияларды интеграциялау өзекті. ІТ, робототехника, жасанды интеллект секілді бағыттарды енгізген жөн. Колледж басшылығы өндіріс орындарын серіктестікке тарту керек. Бұл студенттерге өндірістік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріп ғана қоймай, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес маман даярлауға ықпал жасайды. Білім беру жүйесінде кәсіпкерлік қабілеттерді шыңдауға көңіл бөліп, стартап мәдениетін қалыптастыру арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларға бейімдей аламыз. Әсіресе аудан, қала әкімдерінің инвестициялық жобаларына қажетті кадрлар даярлау маңызды. Қайталанатын мамандықтарды қысқартып, жаңа мамандықтарды ашуды қолға алайық. Сіздердің ұсынымдарыңызды күтемін. Сонымен қатар студенттерді ағылшын тілін меңгеруге бағыттаңыздар. Креативті жаңа инновациялық жобаларды жандандыруға тиіспіз, – деді Бейсенбай Дәулетұлы өз сөзінде.

Жиын барысында облыстық білім басқармасының орынбасарлары колледжердегі білім беру жүйесі, жүргізілген зерделеулер және проблемалық мәселелер және өзге мәселелер жайлы сөз қозғады. Жиын қорытындысында Бейсенбай Дәулетұлы жұмысшы мамандықтар жылына орай іс-шаралар жоспарын әзірлеу, қаржыландыру және инвесторлардың жобаларын заң аясында қарастыру, колледж түлектерін жұмысқа орналастыру, колледждер базасында ІТ орталықтарды ашу, WorldSkills чемпионатына дайындықты пысықтау, тәрбие жұмыстарын күшейту, қажетті құрал-жабдықтармен қамту, бейнекамераларды жедел басқару орталығына қосу сынды тапсырмаларды басқарма басшылығы мен директорларға тапсырды.  

Кентау қаласының экономикасы жыл санап артуда
Түркістан облысы ет экспорты бойынша көш бастап тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу