Келес ауданында күзде 25300 түп ағаш отырғызу жоспарлануда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе.
Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», деп атап көрсеткен еді. Президент сондай-ақ бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасы өңірде кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда.
Бұл жұмыстар Түркістан облысында да жоспарға сәйкес жүргізілуде. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, облыс әкімі елді мекендерді абаттандыру, аймақтарды көгалдандыру жөнінде аудан, қала әкімдеріне берілген тапсырма аясында Келес ауданында күзгі ағаш егу науқаны басталып кеткен.
- Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған тал-дарақ отырғызу жұмыстары ауданда өз деңгейінде қолға алынып, жүргізілуде. Жалпы елімізде орман қоры небәрі төрт-ақ пайызды құраса, орман алқабы алты миллион гектардан аспайды. Ал біздің ауданда орналасқан орман шаруашылығының орман қоры аумағындағы мың гектарға жуық аумақта орман ағаштары көшеттен және тұқымнан өсірілуде. Жалпы соңғы кездері тал отырғызу дәстүрі еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынып, тиянақты мән берілуде. Мұның өзі қоғамға пайдасы зор игі бастама. Бұл бағытта көптеген жобалар қолға алынып, жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Экологиялық және биологиялық әркелкілікті сақтауда табиғаты көркем Бәйдібек ауданында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, аудан орталығындағы Жылқышиев аллеясы аумағынан қажетті жер дайындалып, 400 түп сосна ағашы мен 300 түп глобус гүлі егілді, - дейді аудан басшысы.
Ауданда атқарылған жұмыстарды қадағалап, сапасына бақылау жасау мақсатында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев пен аудан әкімі аппаратының басшысы Бахтияр Абдрахманов аудан орталығының ішкі көшелерін жаяу аралап, отырғызылған тал дарақтардың жай күйімен танысты.
– Ағаш отырғызуда бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Оны аралау барысында анықтап, білдік. Көгерген ағаштардың қатары қалың емес. Бұл бойынша коммуналдық сала басшылығына бірнеше рет ескерту берілгенімен нәтиже көңіл көншітерлік емес. Отырғызылған ағаштарға суғару жүйелерін қосуды және тиісті аумақтарды қоршау жұмыстарын жүргізуді аяқтау керек, - деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Айта кетейік, бүгінге дейін жалпы аудан аумағында көшелер бойына жиырма мыңға жуық жапырақты ағаш және қылқан жапырақты ағашы, мыңнан аса бұта, қырымдық қайың ағашы, көп жылдық гүл, бір жылдық гүл, раушан гүл, жасыл екпелер отырғызылған. Сонымен қатар, биылғы күзгі ағаш егу науқаны барысында 25 300 түп Келес ауданының климатына сәйкес келетін түрлі ағаш егілу жоспарлануда.