Бәйдібек ауданында мал, құс және балық шаруашылығын дамыту жоспарлануда

Oinet.kz 11-09-2024 21

Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен сабатасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. 

Screenshot_65.jpg

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде де тиісті жұмыстар қолға алынған. Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмахановтың айтуынша, ауданның 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасы әзірленген. 

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мақсатында алдымызда үлкен міндеттер тұр. Бүгінгі күні облыс әкімі Дархан Сатыбалды да алдағы міндет мақсаттарымызды, жұмыс бағытымызды Президент Жолдауына қарап айқындап берді. Аймақ басшысы өз кезегінде ауданды дамытуда барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек дейді. «Бәйдібек ауданында да жұмыстарды ширату керек. Жаңа жобалар әлі де жеткіліксіз. Жүргізіліп жатқан жұмыстар тиісті деңгейде емес. Қолынан іс келетін, ауылдан шыққан қабілеті бар азаматтарды іздеп, жұмысқа тарту керек. Инженерлер, техникалық мамандар қажет. Ауданның дамуына тың серпін беретін жобалар керек. Ол үшін әкім ішкі және сыртқы инвестициларды тартуда үздіксіз жұмыс істегені жөн. Табиғаты қолайлы аймақта әлі күнге туристерді тартатын жобалар жеткіліксіз. Осы бағытта жұмыстарды күшейтуді тапсырамын», деген аймақ басшысының тапсырмасына қарай жұмыстарды жүйелеп, ауданның даму жол картасына енгізіп отырмыз, - дейді аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов.

 Жалпы Бәйдібек ауданын бүгінгі күні үш бағыт бойынша дамыту жоспарланған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын, шағын және орта кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға басымдық берілмек. Аудан басшысының айтуынша, 9 айдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнімнің көлемі 42,3 миллиард теңгені құраған. «Түркістан облысы бойынша игерілетін 869,7 мың гектар егістік алқаптың басым бөлігі 105,7 мың гектары, яғни 12,1 пайызы Бәйдібек ауданына тиесілі. Жер аумағы кең. Жылқы мен қой өсіруге қолайлы және тарихи-танымдық туризм кластері мен эко туризмді дамытуға қолайлы аймақ. 2024 жылы ауданға 29,4 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Ауданда мал шаруашылығы, құс және балық шаруашылығын дамытуда жаңа жобалар қолға алынбақ. Биыл 745 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілсе, 2028 жылға дейін жалпы құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылып, 1511 гектарға су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарлануда» дейді аудан әкімі.

Бұдан бөлек ауданда баламалы электр көздерін арттыру бойынша 2030 жылға дейін 4 жобаны іске асыру көзделген. Бүгінгі күні ауданда ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыс көлемі ауқымды. Елдімекендердің экономикалық әлаухатын көтеруге бағытталған жобалар да өз жемісін бере бастады. Соның бірі «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрылуда. Олардың барлығы да жұмыс істеп, ауыл шаруашылығының өңірде дамуына үлес қосуда.

Келес ауданында ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінуде
Кентау қаласында 2217 адам жұмысқа орналастырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу